Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, құрмет көрсетті. Облыс әкімі дүбірлі доданың Алыптар сайысында бар қарсыласынан озық болған қала мақтанышы, жерлесіміз Азамат Мақұлбековке 1 млн. теңге қаржылай сертифат табыстады.
– Қазақ еліндегі дүбірлі дода жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халқымыздың ғана емес, көшпенділердің тарихы, мәдениеті, спорты таныстырылып, абыройымыз аспандады. Біздің білекті, жүректі батырларымыз Көшпенділер ойындарының қаһармандарына айналды. Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін! – деді Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, дүбірлі сынға әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық спортшы қатысты. Айтулы бәсекеде Қазақстан құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс және 37 қола жүлде еншіледі. Ортақ жеңіске Түркістан облысынан барған 32 спортшы да үлес қосты. Өңір спортшылары 16 алтын, 10 күміс, 5 қола жүлдені иеленіп, республикада өздерінің үздік екендерін дәлелдеді.
Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарына – 1 млн, күміс жүлдегерге – 700 мың және қола жүлдегерлерге 500 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.