Конституция –әр адам шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, құқығың мен бостандығыңды сақтайтын Ата заң. Бүгінгі мақаламыз еліміздің осындай айтулы мерекесінің төл құрдасы Түркістан облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының арнайы мақсаттағы бөлінісінің аға инспекторы полиция капитаны Ерболат Алиакбаров жайлы болмақ.
Кейіпкеріміз жұмысқа орналасқан сәттен бастап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап жүрген тәртіп сақшысы.
Атына заты сай нағыз ер азамат Ерболат 1995 жылы киелі Түркістан қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Спорт және денешынықтыру» факультетіне оқуға түскен. Содан үлкен оқу ордасында 4 жыл оқып, білім алған жігіт, полицей болсам деген ойын нақтылап, мақсатын орындау үшін Шымкент қаласына «Заңгер» мамандығына құжаттарын тапсырып, оқуға түседі.
Осылайша туыс ағаларының форма киіп жүргеніне қызығып, өзінің де осы салаға арналған жан екенін түсініп, еңбек жолын 2018 жылдардан бастаған.
Полиция капитаны Ерболат спорт саласында да топ жарған, жетістіктері жетерлік. Петропавл қаласында дәстүрге айналған қазақ күресінен ҚР ІІМ екінші чемпионаты өткізілген жарыста 90кг салмақта палуандарды жеңіп, Түркістан облысы атынан III-ші орынды иеленген. «Жеңіске деген ерік үшін» номинациясымен марапатталған. Қазақ күресінен бөлек, самбо-дзюдомен айналысатын азамат, ел біріншіліктеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Ерболат өзіне сеніп тапсырған қызметті адал атқарып, халықтың көңілінен шығуға бар күшін салып келеді.
Конституция құрдасының айтуынша, «Полицей болу үшін білім де, білік те, білек те керек.Ұстамды болып, азаматтармен тіл табыса білу және сыпайы болу басты шарт»,-деп сөзін түйіндеді, деп хабарлайды Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.