Мемлекет басшысының тапсырмасының бірі – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту. Сол себепті де тұрғындарды жұмыспен қамту күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған. Яғни халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – негізгі міндет. Осы мақсатта «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» жүйелі түрде жүзеге асуда. Себебі тұрғындардың әлеуеті жақсармай, жұмыссыздар саны азаймай, еліміздің алға қарай қарыштап дами алмайтыны, экономикамыздың көтерілмейтіні белгілі.
Қазіргі уақытта қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі арқылы 28 мемлекеттік қызмет, бөлімге қарасты орталықтар мен бөлімшелер арқылы 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, оның ішінде 5-уі жұмыспен қамту орталығы арқылы көрсетілуде. Атап айтсақ, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бойынша қалада көптеген жұмыс атқарылуда. Жоба аясында жұмыссыздарға жұмыс табуға мүмкіндік жасалды. Мәселен, қала бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 4 мамандық түрі бойынша 120 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарланып, бүгінгі күнге 40 адам пішуші, 40 адам тігінші, 19 адам электро-монтаждаушы мамандықтары бойынша, барлығы 99 адам оқуға жолданды.
Ел Үкіметінің 2021 жылғы №728 қаулысы бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бекітіліп, жаңа бизнес-идеяларға берілетін гранттардың талаптарына өзгерістер енгізілді. Бұрын қоғамдық жұмысқа 6 айға жіберілсе, осы жылы қоғамдық жұмыс орнының субсидиялау мерзімі 12 айға ұзарды. Субсидиялау мерзімі аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал жасалатын болады.
– Жастар тәжірибесі арқылы жұмыс іздеп келушілер бола ма?
– Жастар тәжірибесіне қатысушы адамдардың жасы 29-дан аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы шарт. Сонымен қатар өз мамандығы бойынша соңғы үш жыл ішінде жоғары оқу орындары мен колледждердің еңбек өтілі жоқ түлектері қатыса алады. Жыл басынан бері жастар практикасына 768 жас маман жолданды. Орталыққа хабарласқан бітіруші түлектер жастар тәжірибесімен мамандықтарына сәйкес мекемелерге жолдануда.
– Президент Жолдауда ең төмен жалақының артатынын, жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін жеткізді. Бұл әлеуметтің әлеуетін көтеруге септігін тигізе ала ма?
– Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Президент Жолдауында жастарды жан-жақты қолдау басты бағыттың бірі ретінде айрықша аталды. Келесі жылдан бастап жастар кәсіпкерлігін қолдауға 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несие беру тетігі іске қосылады. Бұл жастарға жігер сыйлап, олардың кәсіби тұрғыдан дамуына беріліп тұрған үлкен мүмкіндік. Бағыт айқын. Сондықтан да осы бағытта нақты іске кірісуіміз қажет. Мәселен, қала әкімі жастарға жаңа жұмыс орындарын ашудың тетіктерін ойластыруды, қоғамдық негізде және жастар тәжірибесі бойынша қабылдаған адамдардың тұрақты жұмыспен орнығуына жағдай жасау қажеттігін қатаң тапсырды. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асса, халықтың әлеуетін көтеруге септігін тигізері анық.
R-ақпарат