Жетісай ауданы, Қызылқұм ауылдық округіне қарасты Датқа елді мекенінде Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің №42 өрт сөндіру бекеті ашылды.
Ғимараттың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Сарбатов Әскер Сексенқалиұлы, төтенше жағдай саласының ардагерлері мен аудандық бөлімнің жеке құрамы, ауыл тұрғындары қатысты.
«Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы – төтенше жағдайларды жоюда, өрт сөндіру қызметінің жеделділігін, тиімділігін арттыруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Мемлекеттің басты басымдығы мен төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің негізгі міндеті – ең алдымен аймақты өрттен қорғау, сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету болып табылатыны баршамызға аян. Осы бағыттағы қажырлы еңбектеріңізге сәттілік, дендеріңізге саулық тілеймін!» деген аудан басшысы жұртшылықты өрт сөндіру бекетінің ашылуымен құттықтады.
Салтанатты лента қию рәсімінен соң қонақтар өрт сөндіру бекетінің ішін аралап көрді. Қызылқұм, Абай, Мақталы және Атамекен ауылдық округтерінің 40 мыңға тарта тұрғынның өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген қажеттіліктен туындаған өрт сөндіру бекетін іске қосу үшін соңғы бірнеше жылда пайдаланылмай тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген. Арнайы байланыс құралдарымен, демалыс бөлмесімен және оқу-жаттығу кабинетімен жабдықталған бекетте 2 өрт сөндіру автокөлігі, 13 өрт сөндіруші қызмет атқаратын болады.
Айта кетейік, бұған дейін аудандағы 2 өрт сөндіру бекетінде 5 техника мен жеке құрамда 70 қызметкер қызыл жалынды ауыздықтап келген еді, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.