Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен бүгінгі мәжілісте бұл жөнінде Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Сүлейменова баяндады. Бұл тапсырмалар қала әкімінің шілде айында секторларда тұрғындармен өткен кездесуінде белгіленген болатын.
Жауапты басшылар Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне жүктелген 92 тапсырманың 11-нің, Құрылыс бөліміне жүктелген 24 тапсырманың 11-нің орындалу сатысына тоқталып, мерзімін қайта бекітуді сұрады.
Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Бөлегенов бюджеттің атқарылуы мен индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде баяндама жасады. Түркістан қаласы бойынша 35 индикатор бекітілген. Жетекшілік ететін салалары бойынша қала әкімінің орынбасарлары тындырылған тірліктерге тоқталып, мәлімет берді.
19-25 тамыз аралығында құқық бұзушылықтың алдын алу, қала тазалығы және абаттандыру қағидасы талаптарының сақталуы бойынша Полиция басқармасы тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылған. Басқарма басшысының орынбасары Ахан Сапарбековтың мәлімдеуінше, қоғамдық орындарды ластау дерегімен 194 азаматқа 2 млн. 187 мың 510 теңге айыппұл салынып, елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзған 50 азаматқа 92 300 теңге айыппұл рәсімделген.
Қала әкімдігінің жұмысшы тобы анықтаған кемшіліктердің есебін Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Ердаулет Төрехан ұсынды. Берілген тапсырмалардың орындалу сапасы да сараланып, жіберілген олқылықтар тізбесі көрсетілді.
Білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасованың жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндамасынан кейін шаһар басшысы тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы:
— Қазіргі ең басты міндет – мектептердің дайындығын, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Білім беру мекемелері орналасқан жолдарда жаяуларға арналған өткелдердің сызбасы жаңартылып, жол белгілерінің талапқа сәйкестендірілгені жөнінде есеп бердіңіздер. Ұйымдастыру бөліміне атқарылған жұмыстарды толық тексеріп, нәтижесін баяндауды тапсырамын. Құрылыс бөлімі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының сатысын зерделеп, мәліметін ұсынсын. Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жүктелген тапсырмалар бақылауға алынсын. Орындалуы күнделікті лездемелік мәжілісте сұралатынын ескертемін, — деді.
Мәжіліс қорытындысымен хаттамалық тапсырмалар жаңартылып, қайта бекітілді.
Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі