Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынды.
Тарихы халқымыздың– мәдени мұраларының түрлері сан түрлі. Олардың қай — қайсысы да адамға, соның игілігіне қызмет етуге бағытталған. Осындай аса құнды игіліктердің бірі — ұлттық ойындар. Қазақ халқының тарихи көне жырларының, эпостары мен лиро — эпостарының қай — қайсысын алып қарасақ та, олардың өн бойынан халықтың ұлттық ойындарының, әдет — ғұрып салттарының алуан түрлерін кездестіреміз. Ұлт ойындары осылайша атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған және халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі, көрінісі де болған. Өзінің өлең – жырларында халық ойынды тәрбие құралы деп танып, оның бойындағы жастарды ойландырып, ой толғандыратын қасиеттерін аша түседі. Ойын тек жас адамның дене күш — қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке ғана тәрбиелеп қана қоймай, оның ақыл — ойының толысуына, есейіп өсуіне де пайдасын тигізеді.
Біз қазір ақпараттық даму заманы дегенімізбен, қоғамда цифрлық аутизм тірек қимыл қабілеті жетікіліксіз, дамуы тежелген балалар көрсеткіші артып барады. Балаға жастайынан смартфон беру, гаджеттерді күнделікті өмірде жиі пайдаланудың зиян екені қанша мәрте дәлелденсе де, айтылса да бүгінгі жас өскінді, оқушыларды құрылғыдан ажырата алмаймыз. Сондықтан бұл проблеманың орнын алмастыратын балаларды түрлі тәсілдермен қызықтыратын амалдардың бірі «Ұлттық ойындар» бағдарламасын жасау.
Мысалы, қазақ халқы ежелден аң аулаумен айналысты. Бұл олардан жүгіру, секіру, өрмелеу дағдыларын талап етті. Ал балалар бала кезінен асық ойыны, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, күресті меңгерді. Мұндай ойындарды ерте бастан үйрену оған машықтану адамның физикалық қасиеттерін дамытты. Бұл адамдарды тіршілік үшін күреске баулыды. Ойындардың көмегімен қазақтар үлкендерді құрметтеді үйренді. Денелерін ойындар арқылы шынықтыра отырып қоғамға бейімделді.
Ұлттық ойын садақ ату немесе асық ойыны бастапқыда көшпелі қазақтың аң аулауы мен егін жинауындағы іс-қимылын тудыратын еліктеу әрекеттері арқылы дамыды. Осыған байланысты ұлттық фольклорлық қорда құстар мен жануарлардың бейнелерімен байланысты көптеген ойындар қалыптасты. Қоғамның дамуына орай, түрлі әрекеттерді эмоционалды түрде жүзеге асыру қажеттілігі туындайтындығы шынайы құбылыс. Ойын мен би ол адамда дене тәрбиесін дамытып, эстетикалық рахаттану көңіл күйін әкеледі. Ұлттық ойындарды ойнай отырып, қазақ баласы қоршаған ортамен, табиғатпен қарым-қатынас жасай бастайды. Білім, еңбек дағдыларын игереді, физикалық жағынан дамиды. Қазіргі уақытта оқушылардың қозғалыс белсенділігі төмендегені рас. Міне, осы себепті қазіргі ХХІ ғасырда жүйелі жаттығулардың, физикалық дене белсенділігінің, ұлттық ойындардың рөлі артып келеді. Ойындар кезінде балалар шығармашылық қабілеттерін, белсенділігін, өзіндік идея бастамаларын көрсетеді. Ойын барысында бала іс-әрекетте еркін әрі тәуелсіз түрде, тамаша күйде қуанып, серпілген эмоцияларын көрсетеді. Барлық ұлттық ойындар жан-жақты және көп қырлы тәрбиенің педагогикалық құралын қамтиды.
Көшпенді тірлікте өмір сүру жағдайы қазақ халқының мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қалыптастыруға үлкен әсер етті. Қазақ тайпалары өздерінің тәуелсіздігін сақтау үшін соғыс жүргізуге мәжбүр болды, ал бұл мәселе де ұлттық ойындардың дамуына әсер етті. Қазақтардың ойындарында негізінен ағаштан, жануарлардың сүйектерінен, тастардан, кейінірек металдан жасалған құрылғылар қолданылды. Басқа халықтармен қарым-қатынаста жаңа ойындар мен ойын-сауық пайда болғаны да рас. Көптеген ұлттық ойындар өз мағыналарын сақтап қалды. Ұлттық ойындардың көмегімен жас кезінен бастап балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге мол мүмкіндік бар. Бұл қоғамдағы табиғат пен қарым-қатынастың дұрыс қалыптасуына ықпал етеді.
Қазақ халқында дәстүр бойынша ер адамдар жастарды, әсіресе ұл баланы тәрбиелеумен айналысқан. Ойындарда ұлдар садақ ату арқылы аң аулап, яғни тіршіліктің экономикалық қызметін жаңғыртады. Ал қыздар өз ойындарында тұрмыстық және отбасылық – некелік қатынастарды бейнелейді. Көшпелі қазақтардың, малшылардың өмірі олардан жан-жақты физикалық дамуды талап етті. Осыған байланысты қазақтың барлық ұлттық ойындары негізінен өте қуатты. Мұнда ойынға қатысушылар өздерінің күштері мен ептіліктерін көрсетеді. Қазақтардың ойындары балаларды жануарларға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеп, үйрететіні рас. Қазақтар шаруашылығының бір саласы аң аулау болды, онда аңдар мен құстардың қимылдары мен дыбыстарына еліктеу өнері ежелден танымал болды. Жануарлардың әдеттеріне еліктейтін ойындар да бар.
Жетісай аудандық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді.
Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шет елдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді.
Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал, І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне қошқарды ұтып алды, деп хабарлайды Кентау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.