Кентау қаласы Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Давранов Бехруз Бегзатұлы барша отандастарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.
Ұлттық домбыра күні — 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісі қазақтың төл аспбының күні ретіне тойланып келеді.
Дарынды жас бұл мейрамды руханиятқа деген зор құрмет, баршамызға ортақ құндылықты ұлықтау деп түсінуіміз керек екенін айтады.
Ұлы дала өзінше ғажап бір тылсым іспетті. Әрбір тауы, тасы, орман мен өзен-көлі – бәрі-бәрі ғажайып. Ал осы ғажаптың құдіретін сездіретін бір – аспап болса, ол домбыра.
Домбыраның тыңдарманға берер әсері зор. Сонымен бірге, әр әнді өз ерекшелігімен әсерлендіреді десек, артық айтпағандық болар. Себебі, біз қоңыр үнді жанымызға жақын тартамыз. Құлақты саңырау ететін көп ырғақ көбіне шаршатады. Бәлкім, бірер сәтке сәнді көрінгенмен, ұзақ тыңдай алмайсыз. Бізге ең ыңғайлысы бірқалыпты әуендер деп айтар едік.
Қазақтың халық әндерінің астары тереңде жатыр. Әрбірі ғасырмен астасып, тарихпен үндесіп, шежіремен сырласып жатыр.
Егер қарапайым пайымдасақ, домбыра мен дәстүр егіз ұғым. Екеуін ажыратып қарау әбестік болар. Олай болатынының да өз себебі бар. Баланың дүниеге келуі әнмен өріледі. Ержетіп, үйленуі, ұзақ жасауы, тіпті дүниеден өтуі – барлығына домбыра қатысады. Сол арқылы өзімізге тиісті дүниетанымымызды бағамдап қаламыз.
Бізден басқа бауырлас түркі халықтарында домбыра тектес аспаптар кездеседі. Алайда, олардың бірінде ұңғымасы тым үлкен болса, ендігісінде бірнеше ішекті көресіз. Дегенмен, бәрінің түбірі бір екендігі аңғарылып тұрады. Онысын біріміз аңғарсақ, екіншіміз байқамаймыз. Дегенмен, туыстас жұрттың ортақ туындысы екені тағы рас. Оны ешкім жоққа шығара қоймас.
Домбыра жыраудың айтар ойларын көпшілікке паш еткен. Құрдан-құр бақырғанды емес, домбырамен тамылжыта ән салғанды кім-кімде ұнатады. Күйкі тірліктен бір сәт қол үзіп, әсем ән мен тәтті күй тыңдағанды ұнатпайтындар кемде-кем шығар.
Біз домбырасыз өмір жолымызды елестете алмасымыз ақиқат. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде Ұлттық домбыра күні аталып өтіле басталды. Соның нәтижесінде шілденің бірінші жексенбісі арнайы мереке ретінде белгіленді. Міне, содан бері жыл сайын ұлттық жауһарымызды ардақтап келеміз.
Егер қаракөздеріміз отаншыл азамат болып қалыптассын десек, домбыраны дәріптеуді тоқтатпау керек. Әйтпесе, рухани жұтаңдыққа тап боламыз. Ал оның зардабы айтпаса да түсінікті.
Еліміздің білім ошақтарында домбыра сабағы факультатив ретінде өтілуде. Бұл да алға жылжудың көрінісін білдіреді. Жалпы айтқанда, өз құндылығымыздың маңызын арттыру тек өзімізге ғана керек.