Тамыз айының үшінші жексенбісінде аталатын Спорт күніне орай Кентау қаласының Ю.Гагарин атындағы № 16 мектептің спорт залында № 2 БЖСМ- нің ұйымдастыруымен спорт ардагерлері мен қала жастары арасында волейболдан жолдастық кездесу өтті. Мұндағы мақсат ардагерлер арасындағы спорттық дәстүрлерді нығайту және олардың спорттық іс-шараларға деген белсенділігін арттыру болатын, деп хабарлайды Кентау қалалық спорт бөлімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
Спортшылар жеребе бойынша топ-топқа бөлініп, жарысты әп-дегеннен тартысты ойынмен бастап кетті. Командалар дайындықтарын көрсетіп, допты қарсыластарына қарғып соғып жатты. Ойын өте қызу өтті. Жанкүйерлер де ойын барысында айқайға аттан қосып, өз командаларын жігерлендіріп отырды.
Барлық ойыншылар бір сәт бой сергітіп, спорттың денсаулыққа берер пайдасын дәлелдегендей еді. Салауатты өмір салтын қолдап, әрдайым спорттық шараларда белсенділік танытатын ардагерлер бұл жолы да үздік ойын көрсетіп, жастарға да үлгі болды.
– Елдің бірлігі мен ынтымағын ойлаған, келешекке өшпес өнеге қалдыруды мақсат тұтқан аға буынның өнегелі істері жетерлік. Ардагерлер өнерде де, спортта да белсенді. Бүгін спортшыларымыз жақсы ойын өрнегін көрсетіп, командаларының жүлделі орыннан көрінулеріне көп үлес қосты. Бұл жарыс аға буынның жастарға көрсеткен үлгісі әрі бұқаралық спортты дамытудың ерекше тәсілі деп түсінеміз, — деді жарыс төрешісі Бағлан Бейсенов.