Қазақстан – адам саудасының өзбекстандық, қырғызстандық, тәжікстандық және украиндық құрбандардың шығатын жері, олардың Ресей мен Біріккен Араб Эмираттарына сатылып, осы елдерге сапарында транзитті аялдайтын мекені және оларды сатып әкелетіндердің елі. Қазақстандық ерлер мен әйелдер ішкі адам саудасының құрбаны болып, сонымен қатар, жыныстық қанау мен күштеп жұмысқа салу мақсатында Біріккен Араб Эмираттарына, Түркияға, Израильға, Ресейге және Алманияға сатылады.
Қазақстан үкіметі адам саудасын жоюдың ең аз стандарттарын толықтай орындамағанымен, елеулі іс-әрекеттерді жүзеге асыруда. Қазақстан 2 категорияның Аса қадағаланатын елдер тізіміне қойылған, өйткені ол алдыңғы жылмен салыстырғанда адам саудасымен күрес шараларының, нақтырақ айтқанда, адам саудасымен шұғылданатындарды соттау, бас бостандықтарынан айыру және құрбандарға тиісті көмек көрсетіп, қорғау істерінің көбейгенін дәлелдей алмады. Қазақстан 2006 жылы жалғыз бір қылмыскерді соттады, бұл 2005 жылғы сотталған 13 адамның санынан әддеқайда төмен. 2006 жылы наурыз айында күшіне енген заңнамалық түзетулер мен өзгерістер Қазақстан үкіметінің адам саудасымен айналысатындарды соттау мүмкіндігін және құрбандарды қорғауға бөлінген қор көлемін ұлғайтады деп күтілді. Үкіметтің ҮЕҰ-дарға гранттар бөлуіне жол ашатын, 2005 жылы сәуірде шыққан Әлеуметтік жәрдем туралы заң жүзеге асырылғанымен, адам саудасына қарсы жұмыс істейтін ҮЕҰ-дарға үкімет тарапынан берілетін қаржы жоқтың қасы болды. Үкіметтің құрбандарды қорғау ісіне бөлген ресурсы жеткіліксіз. Үкімет адам саудасына қатысы бар мемлекеттік қызметкерлерді тексеру, заңмен қудалау, соттау және жазалау шараларын жақсартуы, адам саудасына қатысты қылмыскерлерді көбірек соттап, сотталған қылмыскерлердің түрмеде отыруына кепілдік беруі, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне арнап адамды жұмысқа сату ісі мен құрбандарды анықтау жолдары туралы семинарларды жалғастыруы, адам саудасы құрбандарының жазаланбауына кепілдік беруі және адам саудасының құрбандарына арналған паналарға қаржылай көмек көрсетуі қажет. Заңмен қудалау Қазақстан қылмыстық кодексінің 128 және 133 баптарында адамдарды еңбек және жыныстық қанау мақсатында саудалауға тыйым салады. Қылмыстық кодекс оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын белгілейді; бұндай мерзім жеткілікті дәрежеде қатал және қылмыстың өзге ауыр түрлеріне берілетін уақытпен шамалас. Полиция 2006 жылы адам саудасына қатысты 13 істі тексерсе, 2005 жылы 29 адамның үстінен тергеу жүргізді. Құқық қорғау органдары 2006 жылы жеті адамды заңмен қудаласа, 2005 жылы беске жуық іс қаралған. 2005 жылғы 13 адаммен салыстырғанда, 2006 жылы жалғыз бір қылмыскер сотталды. Жаза туралы 2006 жылғы ақпарат жоқ. Ішкі істер министрлігі негізінен Адам саудасына қарсы күрес жолдарын оқу орталығында полиция қызметкерлеріне, прокурорларға және сот судьяларына арнап адам саудасы қылмысын ашу, тергеу, заңмен қудалау және жаза кесу туралы 80 семинар өткізді. Қазақстан басқа мемлекеттермен бірлесіп бірнеше адам саудасы қылмысын тергеді. Жекелеген шекара күзетшілерінің, көші-қон полицейлерінің, прокурорлардың және полицейлердің адам саудасы қылмысына қатысы бар деген дәлелдемелер болды. Қазақстан үкіметі қылмысқа қатысы бар осындай қызметкерлердің үстінен тергеу жүргізіп, заңмен қудалауы қажет. Үкімет 2006 жылы жалған құжаттар бергені үшін 32 полиция қызметкерінің үстінен тергеу жүргізді, бірақ тергеу нәтижелерін жұртшылыққа мәлімдеген жоқ. 2006 жылы еш қызметкер адам саудасына қатысқаны үшін сотқа беріліп, сотталып немесе түрмеге жабылған жоқ.
R-ақпарат