Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі жөніндегі комиссия отырысы өтті. Мәжіліске қалалық дербес бөлім және құқық қорғау органдарының басшылары, ауыл әкімдері және мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Күн тәртібінде үш мәселе қаралып, тыңдалды.
Дене шынықтыру және спорт саласы, әлеуметтік қолдау салаларындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, қаланың апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі, коммуналдық шаруашылық бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы сала басшылары баяндап өтті.
Комиссия мүшелері тарапынан сұрақ-ұсыныстар жолданып, бірқатар өзекті мәселер талқыланды. Әр баяндамашының алдымен мәліметі ішкі талдаудан өтіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына бағытталған ақпараттарды ұсыну қажеттігі айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының орындалуы бойынша және сыбайлас жемқорлықты алдын алу мақсатында жүргізілген ішкі талдамада көрсетілген кемшіліктер бойынша тиесілі ретке келтіру шаралары жүргізіліп, көрсетілген кемшіліктер мерзімінде жойылуы қажеттігі ескертілді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі Жандос Тасов сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік ахуалын қалыптастыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруды ұсынды, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.