Кентау қаласында “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен “Динамо” стадионында ежелгі спорт түрінен жарыс өткізілді, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.
“Evening sport” садақ ату денсаулық кепілі саналатын сайысқа пробацияда бақылауда тұратын жастар, орталық мешіт тәлім алушылары, жалпы қала жастары қатысты. Олар белгіленген қашықтықта мергендіктерімен сынға түсті.
Сайысқа 30-дан астам жас қатысып, екі кезең бойынша жеңіске таласты. Үздік атанған командаларға бағалы сыйлықтармен қатар, қала әкімі Ж. Тасовтың алғыс хаты табысталды.
Атап айтқанда, І-орын — Жас мерген командасы алса, ІІ-орынды — Ақ жебе командасы, ІІІ- орынды — Барыс командасы иеленді.
Бүгін де Кентау қаласында дәстүрлі садақ атуға ниетті жастардың саны артып келеді. Өткен жарыстан жастар ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіріп, төл спортымызға деген қызығушылықтары артқаны анық.
Садақ ату өнері қанымызда бар болғанымен, ресми ұлттық спорт ретінде 2022 жылы ғана тіркелді.
Қазақтың бай тілінде «мерген» дейтін сөз, яғни атау бар. Ерте кезде садақ ату мен мергендік өнер бір сөзбен айтқанда, ұлыстың бекемдігі үшін баға жетпес құндылық саналған. Сондықтан көшпелі халқымыз ер баланы жастайынан садақ ұстауға баулып, елін қорғауға тәрбиелеген.
Садақ атып, сайыс өткізу – қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрлі ойын түрі. Мергендер атып түсіру үшін белгіленген нысананы жамбы деп айтады. Жамбы дегеніміз көне түркі-моңғол тілінде «ембу», яғни құймалы алтын немесе күміс дегенді білдіреді. Сол сияқты бағалы заттардан жасалған құнды бұйымдар да жамбының рөлін атқара береді. Оның пішіні ірі қара немесе ұсақ малдың тұяғы мүсіндес болғандықтан, тайтұяқ, қойтұяқ, аттұяқ, асық жамбы, бесік жамбы, түйекөз жамбы, қойбас жамбы, т.б. деп аталатын болған.
Қазақтың арғы-бергі тарихында жай мен жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, хисса-дастандардан жақсы білеміз. Қазіргі уақытта тұрмысымызда көп қолданылмауы себепті тек саятшылықта және спорттың осы түрінен жарыстарда ғана көреміз. Жалпы, садақ пен қазақ егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды. Қазанат мінген жау-жүрек батыр оғландарымыздың қорамсаққа қол салып кезеген жебелері нысанадан мүлт кетпегені тарихтан белгілі. Осы орайда ең көне өнер түрі саналатын садақ атуға қазақтың да қатысы барын ешкім жоққа шығара алмайды.