• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

КЕНТАУ ҚАРАТАУ МЕМЛЕКЕТТІК ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫНДА ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Авг 8, 2024
Spread the love

Сенбілікке партия өкілдерінің қатарын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Қалыйма Жантөреева бастап келсе, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жергілікті атқарушы және өкілді органдардың қызметкерлері, мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары, қалалық малихат депутаттары, жергілікті жанашыр азаматтары және қала жастары жұмылдырылды.
«AMANAT» партиясы апта сайын, тұрақты негізде «Таза бейсенбі» тазалық жүргізу бастамасын іске асырып келеді. Партия ұйытқы болған ізгілікті іс облыстың барлық аудан, қаласында жалғасын тауып, аманаттық өкілдер тұрғындарды ортақ мақсатқа жұмылдырудың үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.
Партия белсенділері қолға алған шараны тұрғындарымыз қолдап, тазалықты өмір салтына айналдыруда іргелі қадамдар жасалуда. Партияның Түркістан облыстық филиалы «Таза бейсенбі» науқанын жалғастыра отырып, әр аймақтың өзіндік келбетіне айналған айшықты жерлерін қоғамдық қамқорлыққа алуды мақсат етіп белгіледі. Бұл өз кезегінде, азаматтардың экологиялық мәдениетін жетілдірумен қатар, туған жеріміздің көрікті аймақтарын, өзен-көлдерінің жағалауларын, тарихи орындарды, көпшілік демалып, серуен құратын жерлерді, табиғи қорық аумақтарын көпшілікке таныстырып, олардың тазалығын сақтауға көпшіліктің назарын аударады.
Қазыналы Қаратаудың етегін алып жатқан табиғи қорық – еліміздің жауһары десек те болады. Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі осы аймаққа ғана тән. Эндемикалық өсімдіктер жамылғысының көптігі бұл аймақты ботаникалық ғылым үшін қызықты әрі ерекше өлке деп белгілейді.
Осынау қазыналы жердегі тау баурайының салқын самалының өтінде демалыс ұйымдастыратын тұрғындардың саны жыл санап еселеп артып келеді. Өкініштісі, табиғат аясына шыққан азаматтар, табиғатқа деген жанашырлығын көрсете білмейді. Отырған орындарын ластап, қалдықтарын шашып, өзенге қоқыс тастайтын әдеттен арылмай келеді.
Айта кететін, Қаратау мемлкеттік табиғи қорығы еліміздегі ең жас қорық. Оның құрылу тарихы 40 жыл бұрын басталған. 1975 жылы жылдан бастап Қаратау жотасында ғылыми зерттеулер жүргізген ботаник және зоолог мамандары өсімдіктер жамылғысының ерекшелігіне байланысты бұл аймақты Қазақстандағы ғылым үшін қызықты әрі ерекше аймақтардың біріне жатқызды. Эндемді және сирек кездесетін өсімдіктер жамылғысының көптігінен Республика бойынша бірінші орынды алады. Қорық құрылғанға дейін жойылып кету алдында тұрған қаратау арқары тек Қаратауда кездеседі.
Осыған байланысты бұл аймақта ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрылуы жөнінде мәселе көтерілді. 1981-1985 жылдар аралығында қорықты құру туралы ғылыми негіздеме жасау үшін жүйелі зерттеулер жүргізілді. 2004 жылы Сырдариялық Қаратаудың орталық бөлігінде жаңа қорық құрылды, оның құрудағы мақсат жойылып кету қаупі төніп тұрған эндемик болып табылатын Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген қаратау арқарының популяциясын және таркөлемді эндемді өсімдіктерді сақтап қалу болды.
Қорық жерлері құрғақ континентальді зонада орналасқан. Жалпы Қаратау жотасының климаты күрт континентальді, құрғақ, ауа температурасының тәуліктік және маусымдық ауытқулары жоғары болып келеді. Ауа температурасының абсолюттік минимумы солтүстікте -30 оС және оңтүстікте -25 оС-қа жетеді. Жазда шілде-тамыз айларында тау етегінде ауа температурасының абсолюттік максимумы +42 оС, +45 оС, кейде +48 оС-қа дейін жетеді.
Ең биік нүктесі мыңжылқы тауындағы – теңіз деңгейінен биіктігі 2176 м. болатын Бессаз шыңы. Ең төменгі нүкте тау етектерінде белгіленген, олардың биіктігі 350-500 м (теңіз деңгейінен 700 м. биіктікте орналасқан). Солтүстік және оңтүстік беткейлер жақсы бедерленген.
Тазалық шарасына қатысушылар көз жауын алатын көркем аймақты күл-қоқыстан арылтты. Тау суының жағасын паналаған демалушыларды табиғатты қорғауға, тазалыққа қолдау білдіруге шақырып, «Таза Қазақстанды» бірге жасауға үндеді. Көптің қолдауымен алынбайтын асу болмайтынын ескертіп, Қазақстанымызды көрікті мекенге, жер жұмағына айналдыруға жұмылуға шақырды, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика