Биыл Семей полигонының жабылғанына 33 жыл. Осыған орай Кентау қаласы С.Қожанов саябағында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай, арнайы орнатылған ескерткіш алаңында іс-шара өтті.
Жиында қала әкімі Жандос Тасов, қалалық маслихат төрағасы Қабылан Елеусізов сөз сөйлеп, бұл күннің ел тарихындағы және адамзат тарихындағы маңызына тоқталып өтті. Сол апатты жерде әскери қызметте болған, сол бір ауыр күндердің куәгерлеріне «Алғыс» хаттар табыстады.
Сондай-ақ, жиында сөз алған қалалық “Невада-Семей” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бостан Орынбасар және қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін уақытша атқарушы Мамыржан Юлдашев қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.
Ядролық қару сияқты алапат күштің зардабын көріп дүниеден өткен арда азаматтардың рухын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған R-FACTOR.KZ.