• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

«ДОСТЫҚ»БПҰ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН, «БАЛАҢА УАҚЫТ АРНА» АТТЫ ІС ШАРАСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Май 31, 2024
Spread the love

«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен «Балаңа уақыт арна» акциясы бастау алды.
Акцияның мақсаты – қоғам назарын отбасындағы бала тәрбиесіне, отбасы құндылығын насихаттау, ата-аналардың өз балаларына назарын арттыру, отбасылық институтын нығайту, балалардың бос уақытында қауіпсіздік деңгейін арттыру және де тағы да басқа көптеген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізу.
Осы мақсатта, «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалы жанындағы «Достық» бастауыш партия ұйымының төрайымы және мүшелері өз ара жиын өткізе отырып студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиында жұмыс берушілердің жұмыс пен отбасылық міндеттер арасындағы үйлесімділікті табу қажеттігін түсіну мақсатында ата-аналар өз балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін жұмыс берушілер қызметкерлерді жұмыстан кейін кешіктірмеуге, мереке күндерге жұмысқа шақырмауға үндеу, алдағы жаз маусымында балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және отбасы институтын нығайту жайы талқыланды.
Қазақстан Республикасындағы отбасы саясаты – мемлекеттің бүкіл әлеуметтік саясатының маңызды құрамдас бөлігі.
Отбасы құндылықтарын нығайту, отбасын қолдау, сондай-ақ отбасылар жиі кездесетін проблемалық мәселелерді зерттеу бойынша орталық және жергілікті деңгейде кешенді жұмыс жүргізу мемлекет үшін маңызды.
Мемлекеттік отбасы саясатын іске асыруда өз қызметін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Олар отбасы қатынастарын нығайту, осал отбасыларды (көп балалы, жалғызбасты аналар және т.б.) қолдау бойынша іс-шаралар жүргізеді. Орталық мемлекеттік органдардан отбасы саясатын іске асыруға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (халықты әлеуметтік қолдау), ҚР Оқу-ағарту министрлігі (балаларды мектепке дейінгі және орта біліммен қамтамасыз ету мәселелері), ҚР Ішкі істер министрлігі (әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі (отбасылық саясатты үйлестіру), ҚР Денсаулық сақтау министрлігі (халық денсаулығын сақтау, әсіресе репродуктивті денсаулық мәселелері) жұмылдырылған.
Ұлттық баяндамалар мен талдау есептерін дайындау шеңберінде ҚҚДИ отбасы саясаты саласындағы өзекті мәселелерді шешуде белгілі бір қиындықтарды анықтады. Атап айтқанда, шешім қабылдауда келісімге келе алмаушылық, қағазбастылық және жергілікті атқарушы орган деңгейдегі іс-әрекеттердің шашыраңқылығы. Отбасы саясаты мәселелерімен жергілікті атқарушы органдарда әртүрлі құрылымдық бөлімшелер айналысады, сондықтан міндеттер де әртүрлі жолмен шешіледі. Осы сәйкессіздікті ескере отырып, ҚҚДИ отбасы саясатын жүзеге асырудың осал тұстарын анықтау және өсу бағыттары мен мүмкіндіктерін белгілеу үшін осы функционалды талдауды жүргізді.
Қазіргі таңда елімізде гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың біртұтас институционалдық жүйесі қалыптасқан. Айтарлықтай ауқымды құқықтық негіз қаланды.Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әйелдердің жағдайы мен құқықтарына қатысты бірқатар негізгі халықаралық шарттарға қосылып, оларды ратификациялады.
Әрине, гендерлік теңдік саласында шешімін таппай келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – ерлер мен әйелдердің еңбек жалақыларындағы айырмашылық мәселесі. 2018 жылғы дерек бойынша, әйелдің еңбекақысы ерлердің жалақысының 66 пайызын құраған болатын. Ер мен әйелдің барлық жағдайда құқықтарының тең болуы елдің экономикалық өсіміне әсер етеді. Сондықтан Қазақстан мемлекеті бұл мәселені шешуге жоспарлы түрде шаралар қабылдауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйел мүддесін ілгерілету және құқықтарын қорғау, сайлауалды партиялық тізімдер бойынша әйелдер мен жастар үшін квота енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту, әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру сияқты мәселелерді назарға алған болатын.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарында отбасы институты әлеуметтік қорғаудың айрықша объектісі ретінде қаралады.
Дамудың жаңа кезеңінде адами капиталдың сапасына әсер ететін барлық әлеуметтік институттардың арасында отбасының рөлі маңызды болғандықтан, Қазақстанның отбасы саясатын қалыптастыруда өзінің тәсілдерін жасауы маңызды.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар моделі елеулі әсер етеді. Гендерлік теңдік деңгейі жоғары болған сайын, отбасы мүшелерінің өздерінің тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі мен нәтижелігі жоғары болады.
Осылайша, заманауи берік отбасының қалыптасуына жағдай жасау және гендерлік теңдікке қол жеткізу қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың ажырамас процесі болып табылатыны айқын.
Бәсекеге қабілеттілік пен әлеуметтік даму саласының қолданыстағы тұжырымдамалары арасындағы байланыстырушы ретінде Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясаттың кешенді тұжырымдамасын әзірлеу айқын және негізделген қажеттілік болып табылады және Қазақстан Республикасының әлемдік қоғамдастыққа табысты интеграциялануының қағидатты шарттарының бірі болып отыр.
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы тәмсіл бар. Елдің тұтастығы, азаматтардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институына қатысты хал-ахуалмен тығыз байланысты. Осы орайда, бүгінгі мақаламызды Отбасы күні қарсаңында еліміздегі отбасы институтының жағдайы, кейбір күрмеулі мәселелер және оларды шешу жолдарына арнамақпыз.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдары отбасы институтын жақсарту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар құқықтарын қорғау, баршаға бірдей тең құқықты қамтамасыз ету сияқты бағыттар бойынша біраз жұмыстар атқарылды.
Ажырасу және некесіз бала туу үрдісінің өсуі, толық емес отбасылар санының артуы, алимент төлеудегі проблемалар, «азаматтық» және кейбір этникалық топтар өкілдері арасында туысқандық некелер, діни мекемелер арқылы неке қию, қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы мәселесі, қаламаған жүктілікті үзу жағдайлары, ерте жастан некеге тұру, кәмелет жасына толмағандардың жүкті болуы, ерте жастан аборт жасату проблемалары, отбасындағы зорлық-зомбылық және қатыгездік жағдайлары т.б. мемлекет және қоғам болып жұмылуды қажет ететін түйіткілді мәселелер бар.
Демографиялық жағдайды жақсарту территориясы үлкен, халқы аз Қазақстан үшін маңызды мәселе. Ал демографиялық өсімді қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қамсыздандыру, ана мен бала капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы тиіс. Осы орайда, аталған салада шешімін күткен мәселе жетерлік.
Айта кетерлік мәселе, кәмелет жасына толмаған балалары бар отбасылардың шаңырағы жиі шайқалады. Яғни, әкесіз немесе анасыз өсіп жатқан балалардың саны көбейіп келеді. Бұл жекелеген отбасының емес тұтас ұлттың басты проблемаларының бірі. Толық емес отбасында тәрбиеленген бала көбінесе психологиялық, материалдық, моральдық тұрғыдан кедергілерге тап болады.
Қазақстанда отбасылардың ажырасу фактілерінің себебі бірнеше. Осы салада жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарын шолу арқылы отбасының бұзылуына жеткізетін бірнеше ішкі және сыртқы себептерге тоқтала кетуді жөн көрдік.
Бірінші себеп – ата-ана, жақын айналаның отбасы ісіне араласуы немесе сыртқы пікірлердің отбасындағы эмоционалдық көңіл-күйге кері әсері. Бұл әсіресе жас отбасылардың некеге тұрғаннан кейін көп уақыт өтпей ажырасуларына ықпал ететін фактор. Қазақта бұған қарсы «Ерлі зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген тәмсіл бар.
Екінші себеп – әлеуметтік жағдайдың ықпалы, яғни баспананың қолжетімсіздігі, жалақының аздығы, тұрақты жұмыстың болмауы сияқты жағдайлар. Тапқан қаражаты баспанадан, азық-түлік пен киім-кешек алу сияқты тұрмыстық қажеттіліктен аспайтын отбасылар өмірді одан әрі бірге жалғастырудың мотивациясын жоғалтып жатады.
Үшінші себеп – сезімге адалдықтың, құрметтің болмауы. Жастық жалынмен үйленіп, кейіннен жауапсыздықпен жұбайының көзіне шөп салатын жағдайлар да отбасының шырқын бұзатын факторлардың ең бастыларына жатады.
Төртінші себеп – денсаулық мәселесіне қатысты. Көп отбасы шаңырақ құрғаннан кейін баланың өмірге келуіне асығады. Алайда денсаулық жағдайына байланысты (белсіздік) бала көтере алмау проблемасы көп отбасының ажырасуына себеп болуда. Қазіргі таңда жастар арасында белсіздік проблемасы кең етек жайып келеді. Бұл да ұлттың деңгейдегі дабыл қағатын мәселе.
Сандарға сүйенсек, елдегі әрбір 100 отбасының 20-сы перзентке зар. Жылына мыңдаған отбасының ошағы осы себепті сөніп жатады. Ал дәрігерлер дерттің тең жартысы еркектерден деп дабыл қағады.
Мәселен, бедеулік көрсеткіші елімізде – 16 пайыз. Дүниежүзінде 15 пайыздың өзі шектен шыққан деп есептеледі. Енді біздегі бұл жағдайды бағалай беріңіз. Елде орда бұзар отыздан асқан ерлеріміздің 57 пайызы белсіз.
Сондықтан мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар қабылданып, әрбір ата-ана өз баласының дені сау, физикалық, интеллектуалдық тұрғыдан мықты болуына күш салуы қажет. Денсаулықтың басты байлық екенін тек қанатты сөз ретінде білумен қатар, оны іс жүзінде берік ұстаным етіп алғанымыз жөн.
Бесінші себеп – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Оның ішінде елімізде әйелдерге, балаларға қатысты зорлық фактілері жиі ұшырасады. Әсіресе 2020 жылдың басынан коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шаралары қабылданғаннан бері, отбасындағы тұрмыстық жанжалдардың саны екі есеге артқан.
Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейін әлемдегі ең өзекті мәселелер тізбегінде саналатын – Тұрақты даму мақсаттарының ішіне гендерлік теңдік және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтарын кеңейту ісі енген. Барлығы 17 бағыттан тұратын мақсатты даму бағдарының бесіншісі осы мәселеге арналған. Сондықтан гендерлік теңдік, әйелдер мен қыздардың зорлық-зомбылыққа ұшырамауын қадағалау мемлекеттік саясаттың да басты бағыты болып қала беруі тиіс.
Алтыншы себеп – отбасылық құндылықтардың сақталмауы, отбасы мүшелеріндегі эгоизмнің басым болуы және азаматтардың ата-ана, ер-әйел ретіндегі рөліне жауапкершілікпен қарамауы. Бұл белгілі бір дәрежеде балаларды болашақ ата-ана ретінде тәрбиелеу ісінің кемшілігіне де қатысты. Отбасылық өмірге саналы түрде дайындықпен қадам баспаған жастардың көпшілігі кездескен қиындықты еңсере алмай, ажырасып жатады. Бұл ретте ата-әжелер, әкелер және аналар институтын жаңғыртқан жөн.
Жетінші себеп – мемлекет тарапынан толық отбасыларға қарағанда толық емес отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің көп болуы. Жартылай және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсеткен жақсы. Алайда адамдарды ажыраспауға итермелейтін, отбасын толық күйінде сақтап қалуға мотивация сыйлайтын бағдарламалардың көп болғаны ажырасу фактілерінің де азаюына ықпал етері анық. Мысалы қарапайым азаматтар мемлекеттен алған баспананы қолданыстағы заң бойынша он жыл еңбек өтілі толғанда ғана жекешелендіруге рұқсат алады. Ал толық емес отбасы иесі аталған мерзімнен бұрын жекешелендіре алады. Осы мақсатта мәжбүрлі түрде қағаз жүзінде ажырасушы азаматтар саны аз емес. Бұл мемлекеттен берілетін өзге де көптеген әлеуметтік жеңілдік пакеттеріне қатысты екенін айта кеткен жөн.
Отбасылардың бұзылуына ықпал ететін осы және өзге де бірнеше себеп бар. Сондықтан мемлекеттік саясат та аталған проблемалардың оң шешілуіне қарай бағытталғаны жөн.
Айта кетерлігі, әлемде отбасы проблемаларынан ада ешқандай ел жоқ. Дегенмен адамдардың өзін бақытты сезінуі, отбасылық зорлық-зомбылық фактілерінің аз болуы, отбасыларға мемлекеттік деңгейдегі қолдау шараларының көлеміне қатысты әлем елдерінің рейтингі жасалып, талданып отырады. Осындай рейтигтің бірі гендерлік тепе-теңдік мәселесіне де қатысты жасалады.
Отбасы институтын нығайту, елімізде қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу мемлекетіміздің күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Жаһандану үдерісі әрі жаңа коммуникациялық технологиялардың пайда болуымен қатар келген сын-қатерлер мемлекеттік органдардар, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтан сергектік пен нақты әрекетті талап етеді. Отбасын бұзуға әкелетін әрбір себептің түп-тамырына үңіліп, оны шешудің нақты тетіктерін қабылдаған жөн. Мемлекеттік саясат азаматтарды бүтін отбасы болуға итермелейтін нәтижелі бағдарламалар қабылдап, заңнамада толық отбасыға, ана мен бала капиталына көрсетілетін қолдау көлемін арттыруға бағытталуы тиіс.
Жиын соңында қатысушылар бірқатар сұрақтар қойып, өзара пікір алмасты.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика