Партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында. «Достық» БПҰ-сы 1 маусым — Балаларды қорғау күніне орай Түркістан жоғары медицина колледжінің №3 дене тәрбиесі және АӘД пәндері бойынша ЦӘК оқытушыларының ұйымдастыруымен «Amanat» партиясының мүшелері арасында «Әкем, анам және мен» деген тақырыпта отбасылық спорттық сайыс өтті. Тартысты өткен сайыста №4 арнайы кәсіптік пәндер бойынша ЦӘК бірінші орын, №5 гигиена және туыстас пәндер бойынша ЦӘК екінші орын, №1 әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша ЦӘК командасы үшінші орын иеленді. «Мерейлі отбасы» номинациясын көпбалалы отбасынан құралған №8 физика-математика және туыстас пәндер бойынша ЦӘК ұжымы жеңіп алды.
Дана халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударған. Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Үлкенге ізет көрсету, кішіге құрмет қылу – қазақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Ықылым заманнан қазақ ұғымында отбасының орны ерекше. Себебі, төскейде малын жайып, түстікте егінін орған қазақ қоғамы отбасы институтының беріктігі мен татулығына мән берген. Балиғат жасына жеткен жігіт пен бойжеткен қыздың ата дәстүр салтымен неке қидырып, үлкендердің ақ батасын алып, шаңырақ көтеруін үлкен қуаныш көрген. Бұл жағдайда қазақ елі «керегеміз кеңейді» деп шаттанған. Отбасын құрған жас жұбайлардың мызғымас татулығы үшін екі тарап та барынша жас жанұяға қолдау көрсеткен. Міне, бұл жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған кешегі қазақ қоғамының қалыптасқан үрдісі. Бүгінде, елімізде жыл сайын сан мыңдаған жастар бас қосып, ақ некесін қидырып, шаңырақ көтереді. Бір өкініштісі, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек жыл сайын елімізде шаңырақ көтергендердің үштен бірі ажырасып кетеді екен. Сәтсіз некенін болуыын түрлі себептерге жоруға болады. Бұлар ең алдымен материалдық теңсіздік, сәби сүю бақытын көре алмауы, мінездің үйлесім таба алмауы және т.б. белгілі жағдаяттар екен. Бұл ретте қазақ даналығында «Тәрбие – тал бесіктен» деген тәмсілін тілге тиек ете отырып, ұл мен қызға бірдей тағылым тәрбие беру мәселесін айту керек. Иә, ешкімде ұлы мен қызын жаман болып өссін демейді. Дегенменде, бүкіл жауапкершілікті мектеп пен қоғамға итеріп тастап, баланың тәрбиесіне бей-жай қарап, соңында сан соғып қалып жатқан ата-аналар аз емес. Осы ретте «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөздің астарына үңіліп, ақиқатын ақтарып көрсек, бала ата-анасына қарап бой түзейді. Сондықтан ең алдымен баланың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын десеңіз, өзімізді тәрбиелеп, баланы ата-дәстүр салтымен, рухы асқақ азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан елімізде жанұяға маңызды орын берілген, өйткені адамзат пен мәдени құндылықтардың бұлжымас ұясы отбасы болып табылады.
Жыл сайын бүкіл әлемде 15-мамырда Халықаралық отбасы күні атап өтіледі, бұл кез-келген мемлекеттің демографиялық саясатымен бірге әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты ықпал ететін қазіргі қоғамдағы негізгі іргетасы ретінде отбасының маңыздылығын көрсетеді. Бұл күн 1994-ші жылдан бері аталып өтілуде және БҰҰ Бас Ассамблеясының 1993-ші жылдың қыркүйек айындағы Халықаралық отбасы жылы туралы резолюциясында бекітілген. Бұл күнді белгілеу әлемдік қауымдастықтың қазіргі замандағы отбасының жағдайына алаңдаушылығынан қоғамның негізгі институттарының бірі ретінде отбасының маңызын арттыру мақсатында туындаған еді.
Елімізде «Отбасы» күні – Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Бұл күнді атап өтудегі мақсат – мемлекетіміздің мызғымас қазығы болып табылатын отбасы институының имиджін арттыру, қоғам назарын отбасына аудару, отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларын болдырмау болып табылады. Еліміздегі отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында жыл сайын, елбасы тапсырмасына сәйкес дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп келеді. Байқау – ауыл аймақтан басталып, облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Отан ортақ үйіміз деп қарайтын болсақ. Ортақ үйіміздің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке бірлігін ұйыта ұстау ортақ міндетіміз.
Конкурсты өткізудің мақсаты:
1) Отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;
2) Ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;
3) Отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеу және кеңінен насихаттау;
4) Қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
Отбасы құндылықтары бүгінде әлеуметтік-тұрмыстық жайттардың тасасында қалып барады. Бүтіндей бір отбасының жүгін арқалайтын бірқатар ер азаматтардың да, жан жылуымен балаларын ұйытып отыруға тиісті кейбір аналардың да өз міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген шаңырақтан береке кете бастады. Мамандар оның себептерін отбасы мәдениетінің төмендігімен түсіндірсе, еліміздегі ажырасу көрсеткіштерінің жылдан-жылға ұлғаюы салдарынан балалар құқығы назардан тыс қалуда.
Ажырасу және некесіз бала туу үрдісінің өсуі, толық емес отбасылар санының артуы, алимент төлеудегі проблемалар, «азаматтық» және кейбір этникалық топтар өкілдері арасында туысқандық некелер, діни мекемелер арқылы неке қию, қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы мәселесі, қаламаған жүктілікті үзу жағдайлары, ерте жастан некеге тұру, кәмелет жасына толмағандардың жүкті болуы, ерте жастан аборт жасату проблемалары, отбасындағы зорлық-зомбылық және қатыгездік жағдайлары т.б. мемлекет және қоғам болып жұмылуды қажет ететін түйіткілді мәселелер бар.
Демографиялық жағдайды жақсарту территориясы үлкен, халқы аз Қазақстан үшін маңызды мәселе. Ал демографиялық өсімді қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қамсыздандыру, ана мен бала капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы тиіс. Осы орайда, аталған салада шешімін күткен мәселе жетерлік.
Қазақстанда отбасылардың ажырасу фактілерінің себебі бірнеше. Осы салада жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарын шолу арқылы отбасының бұзылуына жеткізетін бірнеше ішкі және сыртқы себептерге тоқтала кетуді жөн көрдік.
Бірінші себеп – ата-ана, жақын айналаның отбасы ісіне араласуы немесе сыртқы пікірлердің отбасындағы эмоционалдық көңіл-күйге кері әсері. Бұл әсіресе жас отбасылардың некеге тұрғаннан кейін көп уақыт өтпей ажырасуларына ықпал ететін фактор. Қазақта бұған қарсы «Ерлі зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген тәмсіл бар.
Екінші себеп – әлеуметтік жағдайдың ықпалы, яғни баспананың қолжетімсіздігі, жалақының аздығы, тұрақты жұмыстың болмауы сияқты жағдайлар. Тапқан қаражаты баспанадан, азық-түлік пен киім-кешек алу сияқты тұрмыстық қажеттіліктен аспайтын отбасылар өмірді одан әрі бірге жалғастырудың мотивациясын жоғалтып жатады.
Үшінші себеп – сезімге адалдықтың, құрметтің болмауы. Жастық жалынмен үйленіп, кейіннен жауапсыздықпен жұбайының көзіне шөп салатын жағдайлар да отбасының шырқын бұзатын факторлардың ең бастыларына жатады.
Төртінші себеп – денсаулық мәселесіне қатысты. Көп отбасы шаңырақ құрғаннан кейін баланың өмірге келуіне асығады. Алайда денсаулық жағдайына байланысты (белсіздік) бала көтере алмау проблемасы көп отбасының ажырасуына себеп болуда. Қазіргі таңда жастар арасында белсіздік проблемасы кең етек жайып келеді. Бұл да ұлттың деңгейдегі дабыл қағатын мәселе.
Бесінші себеп – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Оның ішінде елімізде әйелдерге, балаларға қатысты зорлық фактілері жиі ұшырасады.
Алтыншы себеп – отбасылық құндылықтардың сақталмауы, отбасы мүшелеріндегі эгоизмнің басым болуы және азаматтардың ата-ана, ер-әйел ретіндегі рөліне жауапкершілікпен қарамауы. Бұл белгілі бір дәрежеде балаларды болашақ ата-ана ретінде тәрбиелеу ісінің кемшілігіне де қатысты. Отбасылық өмірге саналы түрде дайындықпен қадам баспаған жастардың көпшілігі кездескен қиындықты еңсере алмай, ажырасып жатады. Бұл ретте ата-әжелер, әкелер және аналар институтын жаңғыртқан жөн.
Жетінші себеп – мемлекет тарапынан толық отбасыларға қарағанда толық емес отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің көп болуы. Жартылай және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсеткен жақсы. Алайда адамдарды ажыраспауға итермелейтін, отбасын толық күйінде сақтап қалуға мотивация сыйлайтын бағдарламалардың көп болғаны ажырасу фактілерінің де азаюына ықпал етері анық. Мысалы қарапайым азаматтар мемлекеттен алған баспананы қолданыстағы заң бойынша он жыл еңбек өтілі толғанда ғана жекешелендіруге рұқсат алады. Ал толық емес отбасы иесі аталған мерзімнен бұрын жекешелендіре алады. Осы мақсатта мәжбүрлі түрде қағаз жүзінде ажырасушы азаматтар саны аз емес. Бұл мемлекеттен берілетін өзге де көптеген әлеуметтік жеңілдік пакеттеріне қатысты екенін айта кеткен жөн.
Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз — ата-ана. Ата-ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды. Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа. Жанұядағы жанжал, үлкендердің аузына келген сөздерді айтуы, баланың көзінше басқа біреуді сөгуі, біреудің сыртынан өсек айтуы балаға теріс әсер етеді. Бала алдында әке-шеше үй ішінің үлкендердің әдептілік танытқаны жөн. Мысалы, арақ пен темекінің толып жатқан зиянын біле тұра, балалардың көзінше арақ ішіп, үсті-үстіне темекі тартқандар бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді, ертең-ақ ұл өсіп ер жетеді, қыз өсіп бой жетеді.
Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс — әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы.
Абай атамыздың жетінші қара сөзінде «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, hәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі — білсем екен деп ұмтылып,одан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?» «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» «бұл неге бүйтеді ?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі «жан құмары, білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен.»деген үлкен пәлсопалық ой жатыр. Яғни, балаға туғаннан тән азығы — тамақ қандай қажет болса,жан азығы — жылулық, сүйіспеншілік те сондай қажет.
Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген.
Баланың аты-бала. Ол білместікке ұрынбай тұрмайды. Тіпті, бірінші қадамдарына бөбектің ісі бүлдіруден келеді. Бүгін аңдаусыздан аяқ-табақтың бірін сындырып алса, ертең шалбарын шегеге ілдіріп үйге қайтуы да ықтимал. Мұндайда халқымыз «Ата-балаға саншы» немесе «Баланың балалығына әкенің даналығы бар» дейді. Баланың балғын ойы мен сенімі алдында ең беделді тұлға – әке, әлеуетті, ақылды, білімдар әке. Жаны сұлу жайсаң азамат өсіруде әке орны бөлек.
Әке — әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.
Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Әке қашанда баланы сөзбен емес, өзінің ісімен тәрбиелейді. Ер бала ең алдымен әкенің өнегесінен нағыз ер адам қандай болу керектігін қабылдайды. Сондықтанда әке ұлын батылдыққа, батырлыққа, ер жүректікке, адалдыққа, қайраттылыққа, ұлтжандылыққа, әйел баласына серілік қарым-қатынас танытуға, отағасы қандай болу керек екендігін өз тәжірибесі арқылы үйретіп, үй еңбегінің аса қиын соғатын істерді өз мойнына алуға талпынуға тәрбиелеуі керек.
Ана өмірдің қайнар бастауы. Ана – ақылды тәлімгер. Ана – бала бақытының бағбаны. Ана өз басын, өз денсаулығын ұмытып, өзгелердің қамын жеуді бәрімізге үйретуші. Аналық парызын адал ақтаудың біздің үлкен әжелеріміз, туған аналарымыз әсем үлгісін танытып өткен. Қазірде де пейілді аналар қаншама.
Әйелдің басты парызы ана атанып, адамзат ұрпағын көбейтуге үлес қосу, әр адам ұл – қыз сүйіп, әрқайсысына отау тіктіріп, енші бөліп берсін, немерелер мен шөберелердің қызығын көрсін – яғни солардың бәрін саналы азамат, өнерлі еңбеккер етіп тәрбиелесін – халықтың қалауы осы. «Бала – артта қалған із, бақыт – ұзатылған қыз» дейді халық. Ал ананың міндеті ұлының алдында барлық әйелге тән жақсы қасиеттерді көрсете отырып, өзінің шынайы және шексіз махаббатымен ұлынан да әйел баласы алдында сондай жауапты қасиеттерді көрсетуге шақырады және оның эмоционалды дамуына себепші болады. Ер баланың анасына деген қарым-қатынасы белгілі дәрежеде қыз балалармен жағымды қарым-қатынасты қалыптастыру мәнін игеруге мүмкіндік тудырады, адамдарға қамқорлық жасауға үйретеді, өзінің маңайындағыларға қажетті көмек жасауға ықпал етеді. Отбасында жеткіншек ер баланы тәрбиелеу – бұл қарапайым емес маңызды және жауапкершілікті талап ететін үлкен іс. Өйткені осы жастағы ер баланың бойынан шығармашылыққа, өзінің өмірден орнын іздеу сияқты талпыныстарын байқауға болады. Осы тұста ата-ана олардың жан дүниесін түсініп, дер кезінде бағыт-бағдар көрсетсе, бұл ата-ананың бала тәрбиесіндегі тапқырлығы болып саналады.
Бақыт бірде бар, бірде жоқ, баянсыз болса – бала – баяндылық, өмір гүлі, тірлік тірегі! Ұрпағын тарыдай шашып, тастанды етіп жүрген жеңіл ойлы желбастар өздерінің адамдық парызын ойлаудан аулақтаған берекесіздер… Балаға, ұрпаққа қазақ халқы қашанда үлкен мән берген. Біздің халқымыз балажанды халықтардың бірі. Сондықтан да, туған халқымыз турасын айтады: «Балалы үйдің еңсесі биік». Өйткені бала – бақыт, бала – қуаныш, бала – шаттық, бала – мақтаныш, бала – сүйеу – тірек, бала – болашақ. «Баласыз үй – қу мазар» деп кесіп айтуда да шындық қаншама?! Бала тудырдың екен – баға да біл. Халық алдымен ата – анадан осыны талап етеді.
Айта кететін, отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады және мәдениет пен адамгершілікті қасиетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге болады.
Отбасы құндылықтары бала тәрбиесінен бастап ересек отбасы мүшелерінің қолдауы мен құрметіне дейінгі барлық дүниеден көрінеді.
Отбасы құндылықтарының бірі – жанұядағы адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, махаббаты. Отбасының негізін, шындығында, махаббат сезімі құрайды. Бұл дегеніміз отбасы мүшелерінің бір-біріне көңіл бөлуі, қамқорлық жасауы, қолдау көрсетуі және отбасы мүшесін қандай кемшілігімен болса да қабылдай білу. Махаббат бар жерде өзара үйлесімділік, эмоционалды күшті байланыс, әрі бақытты отбасы болуға деген ұмтылыс болады.
Екінші маңызды отбасылық құндылық – құрмет көрсету. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Сенім – бұл отбасылық үйлесімділікті сақтауда маңызды рөл атқаратын үшінші отбасылық құндылық болып саналады. Бұл – отбасының әрбір мүшесі басқа мүшелердің қолдауы мен оны ешқашан жолда тасмайтынына сене алатынын білдіреді. Сенім бар жерде адамдар өз ойлары мен сезімдерін ашық білдіре алады деген сөз, яғни қауіпсіздік атмосферасын құрылады. Сенім, сонымен қатар, эмоционалды байланыстың дамуына ықпал етеді әрі кикілжіңдерді бейбіт түрде ақылға салып шешуге көмектеседі.
Қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың тәрбиесін бөліп қараған. Ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына үйрету арқылы экономикалық тәрбиенің көзі болып табылатын үнемшілдікке, тәуекелшілдікке үндеп, сараңдыққа салынып кетуден жирендіріп отырған.
Қазақ отбасы тәрбиесінің құралдары дегенде халық ауыз әдебиетін, ұлттық ойындар, айтыс және шешендік сөздерді, ойын-сауықтарды т.б. айтамыз. Қазақ отбасында жоғарыда аталған тәрбие түрлерін жүзеге асырудағы ежелден қолданып келе жатқан өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Олар: балаларға қайырымды, ізгі қатынас жасау, сыйлау адамгершілік сезімдеріне әсер ету, өзіне деген сенімін нығайту, сенім арту, реніш, наразылық білдіру, тыю, айыптау, бұйыру, еркелікте кінәсін мойындату, түсіндіру, мысал келтіру, үлгі-өнеге, ғибрат айтуды есептейміз.
Қазақ отбасында ғасырлар бойы қалыптасқан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің қатынасының маңызы зор. Қазақ халқының отбасына тән жарасымдылық олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептейміз.
Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған.
Барлық қатысушыларға кәсіподақ ұйымының атынан алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.