• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ТҮРКІСТАНДА «ЕЛ ҰЙЫТҚЫСЫ – ЕНЕ МЕН КЕЛІН» САЙЫСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Авг 2, 2024
Spread the love

Түркістан қаласында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ене мен келін» сайысы өтті. Қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты.
Сайыстың мақсаты – еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай, ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру.
Анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар ұмыт болып бара жатқан Құрсақ тойы, Қазанжарыс, Тымаққа салу, Қырқынан шығару, Тұмар, Айдар сияқты салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ, шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Ұлттық нақыштағы образда отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, сыйлықтар табысталды.
Соңғы кездері ене де, келін де отбасындағы өз орынын ұмытқан секілді. Дәл осы себептен келін мен ене арасындағы жанжалдың соңы көбіне отбасының күйреуіне әкеліп соғады.Тіпті ішкі сырын әлеуметтік желіге жайып салатын келіндердің сөзін көбіне өзге қыз-келіншектер қолдап жатады.
Айналамыздан көріп-естіп жүргеніміздей, екінің бірінің басында «адуынды ене» не бол­маса «кесірлі келін» жайлы күр­меуі шешілмей жүрген түйт­кілдер бар.
Негізінде, көшіміздің түзеліп, ұлт болып ұйысуымызда ұрпақ тəрбиесінің маңызы зор. Осы орайда негізгі рөл атқаратын ене мен келіннің өзара қарым-қаты­насының дұрыс болғаны жөн-ақ. Өйт­кені отбасының берекесін кіргізу де, тулақтай тоз-тозын шы­ғару да олардың өз қолдарында. Егер ене мен келін­нің керісі өз шешімін таппаса, шаңырағының берекесін қашырып, нәтижесінде отба­сын­дағы жас өскіндердің психологиясына, сонымен қатар тәр­биесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл өз кезегінде, жел­кілдеп өсіп келе жатқан ұр­пақтың еңсесін түсіріп, олар­­дың жасық, жалтақ болып қа­лып­тасуына, бұрыс жолға бұрылып кетуіне итермелейді. Бұл ұлттық тәрбиеге жасалған қысастық, ауыр соққы екені айт­паса да түсінікті.
Кейде жап-жас, шымылдығы желбіреген келіндердің енесі туралы мұрнын тыжырып, жақ­тырмай сөйлеп отырғанын кө­ріп, «бұл қаршадай келін ене­сінен не тақсірет тартып үл­герді екен сонша?» деген ой­ға қаласың. Жас­­­тайымыздан ана­мыздың «Үл­кен үлкендігін жа­сағанда, кі­ші кішілігін жасау керек» деген сөзін санамызға сіңі­ріп өстік. Оның пайдасы­нан басқа зиянын көр­ген жоқпыз. Айт­пағымыз, ке­ліндер қауымы ене­нің айтқан сынын аналық қамқорлық деп қабылдап, Шәкәрімше айтқанда, біреудің мінін көргенше, жа­мандығын тер­генше, өз ойын, өз бойын тазалап үйренген дұ­рыс. Ене­сіне деген ашу-ызаны іш­тей семірт­пей, семдіріп, үлкен кісінің ра­зылығын алғанда ғана ке­лін келелі істерге аяқ баса алады.
Көпке топырақ шашудан аулақпыз, елімізде айрандай ұйып, мерейі тасыған отбасылар баршылық. Алайда, арамыз­да мəселені шешуші емес шие­ле­ністіруші, бала-шағасын жет­кізген əуелі Алла екенін ұмыт қалдырып, міндетсінетін енелер саны да артып келеді. Келінді «Отырса опақ, тұрса сопақ» етіп, түртпектің астына алып, ба­ла­сының тілеуін тілеп отырар шақта шаңырағының шытынауына себепкер болып отырған ана­ларды көргенде көңілің құ­лазиды, іштей қынжыласың. Сон­дай жайтқа кезіккенде, елі­­­­­­мізде мемлекет тарапынан «Ке­ліндер мектебі» мен «Ене­лер инс­титуты» ашылу керек-ау деген ой қылаң береді. Ра­сын­да да, ата-баба жолынан ал­шақтап бара жатқан біздің қо­ғамға арнайы мамандар жұ­мылдырылған орталықтар ке­рек-ақ. Бойжетіп келе жатқан қыз баланың құлағына «алтын сырға» тағып, некелі өмірге дайындау, дəстүрлі отбасын на­сихаттау жұмыстары, аналары­мызды дана болуға шақыру жұ­мыстары қолға алынатын кез келді. Себебі бұл мәселе жыл­дан-жылға күрделеніп, қойырт­паққа айналып келе жатыр.
отбасы құндылығы, тәрбиенің бас­тауы ең әуелі ене мен келіннен бастау алады. Өйткені ене мен келіннің тағдыры – бір. Әулеттегі ең жуық істес жандар. Бүгінгі келін ертең ене, ертеңгі келін, болашақ ене болып өмір жылжып ауысқан сайын, өз жолы мен сабақтастығын тауып жалғаса беретін үрдіс. Ене мен келін болмаса өмір жалғаспайды. Ел өшіп құриды. Бұл – табиғи заңдылық. Басқа отбасында тәрбиеленіп келген жас қыз-келін жаңа отбасына ойдағыдай сіңісіп кетуі оңай шаруа емес. Тек әр қазақ отбасының тәрбиесінде қыз жат жұрттық, барған жеріне «тастай батып, судай сіңсін» деген аталы сөз жасынан құлағына құйылып өскен қыз, келін болып келген жаңа ортасына «тас түскен жеріне ауыр», «маржан түссе маңдайымнан, тары түссе таңдайымнан» деп, бар ниетімен өзі босағасын келін болып аттаған үйдің ата- енесін, қайнағасын, жолдасын, қайнысын, қайынсіңлісін және туған-туыс, сол әулеттің ағайындарын құрметтейді.
Жаратылысынан жатжұрттық болатын қыз бала­ның тәрбиесі тал бесіктен басталып, оның мінсіз болып бой жетуіне ата-анасы тікелей атса­лысады. Сондықтан қыз кезінде бәрі жақсы. Ал жаман қатын қайдан шығады? Келін болып, ақ босаға аттағаннан кейін оның жүріс-тұрысы, тәлім-тәрбиесі, жаман мен жақсы болуы ата-ене­сі, күйеуіне байланысты. Ата-анасынан дұрыс тәрбие алмаған қызды қайта тәрбиелеу мүмкін бе? Әрине. Жаңа оттың басына жаңа түскен келін иіліп сәлем салған алғашқы күннен бастап оның тәрбиесін енесі, одан кейін жолдасы қолына алып, өз отбасының ұйытқысына айналдыра алады. Бұл жерде қыз баласын затқа немесе ойыншыққа теңеу емес. Тұрмыс құрмаған қыздар бұл сөзімді жөнді түсінбеуі мүмкін, сірә. Бірақ, әуелден жарының аяулысы, ата-енесінің көз­қуанышына айналған қыздың өзгеруі де әп-сәтте-ақ. Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін ене мен келін арасындағы қарым-қатынастың түзу қалыптасуы келіннің тәрбиесі мен оған деген сыйластығын арттыра түседі.
Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі сайыстың маңызы жоғары екенін атап, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды. Қазыналы қариялар мазмұнды әңгімелерінде ел боламыз десек бесігімізді түзеп, жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін айтып, әрбір шаңыраққа бақытты, берекелі ғұмыр тіледі.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика