Елдің демографиялық ахуалын мемлекеттің саяси және экономикалық даму қарқынынан ажыратып қарау мүмкін емес. Демографиялық және адами даму мәселелері Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Президент Қазақстан халқына биылғы Жолдауында «Адам — елдің ең басты байлығы» деп атап өтті. Жақында «Жер халқы» қоры адамзат саны 7 миллиард 890 миллионға жеттi деп мәлiмет таратқан. Статистикалық мәлiмет бойынша, әр секунд сайын жер бетiнде үш нәресте дүние есiгiн ашады екен. Жыл сайын адамзат саны 80 миллионға артып келедi. Осы қарқынмен өсу жалғаса берсе, 2060 жылдарға қарай жер бетiнде 9 миллиардтан астам адам өмiр сүрмек. Жер халқының жалпы саны көбейiп жатса да, көптеген елдерде адам ресурстарының жетiспеушiлiгi, халықтың қартаюы байқалады. Дамыған мемлекеттердiң барлығында дерлiк адам басының кемуi тiркелiп отыр. 2000 жылғы дерек бойынша, 64 мемлекетте туу көрсеткiшi халықтың көбейiп отыруына қажеттi деңгейден түсiп кеткен. Ал дамушы мемлекеттерде, керiсiнше, туу артып келедi, ең кедей мемлекеттерге жататын африкалық елдер туудың басымдығы бойынша алға түспек. Жанымыздағы Ресейдiң өзi демографиялық дағдарысқа қатысты дабыл қағып жатыр. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан берi орыс мемлекетiнiң халқы жыл сайын азайып келедi. Сарапшылардың есептеуінше, 20-45 жастағы ерлердiң саны осы жастағы әйелдерге қарағанда 30 миллионға артық болмақ. Бiр шаршы шақырымға 140 адамнан келетiн мемлекет өз азаматтарының шет елдерге шығуына мүдделiлiк танытатыны түсiнiктi. Ендеше, алдағы уақытта Қытайдың «адам экспорты» көршi мемлекеттердегi әлеуметтiк-демографиялық жағдайға елеулi әсерiн тигiзедi деген сөз. Қазiрдiң өзiнде Ресейдiң Қиыр Шығыс облысында қытай ұлты өкiлдерi санының күрт артуы демографиялық келеңсiздiк туғызып отыр. Германияда адам саны кемуiнiң басты себебi – әлеуметтiк факторда. Қоғамдағы әйел ролiнiң өзгеруi бала тууды саналы түрде шектеуге жеткiзген. Германия статистикалық мекемесiнiң деректерiне жүгiнсек, 35 жасқа дейiнгi немiс қыз-келiншектерiнiң 40 пайызы бала сүюдiң не екенiн бiлмейдi. Немiс ұлтының өмiр сүру ұзақтығы ерлерде – 78 жасқа, әйелдерде – 84 жасқа дейiн ұзарғанымен, туудың азаюы немiс ұлтын қартайтуда. Қазiрдiң өзiнде әр немiс зейнеткерi үшiн жұмыс iстейтiн үш адам әлеуметтiк сақтандыру төлемiн жасайды. Ал 20 жылдан соң бiр немiс зейнеткерiне шаққанда екi жұмыскер келетiн болады. Түптiң түбiнде туудың азаюы Германияның өнеркәсiбiн тұралатып, экономика өсiмiн тежеуi мүмкiн. Жапониядағы адам саны қазіргі қарқынмен кеми берсе, кейбiр болжамжар бойынша 100 жылдан соң қазiргi 127 миллион жапондықтан бар-жоғы 40 миллион қалуы ғажап емес. Сондықтан да бұл елде адамдарға бала сүюдің отбасылық бақыттың ажырамас бөлiгi екенiн ұғындыратын әлеуметтiк мекеме құру қажеттiгi айтыла бастады. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрса да, осы жерге иелік ететін халықтың орналасу тығыздығы 2010 жыл дерегіне сәйкес, 1 шаршы шақырымға 6 адамнан ғана келеді. Халық санының аздығы елдің болашақ дамуына кері ықпалын тигізуі мүмкін. Сондықтан да алдағы уақытта Қазақстан басшылығы халық санын арттырудың жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырып келеді.
R-ақпарат