Жазасы – 80 АЕК дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 25 тәулікке дейін қамауға алу.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деп аталатын 106-баптан «бас бостандығын шектеу» деген сөз алынып тасталды. Яғни жаза қатаңдылды. Осы баппен айыпталғандар 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
107-баптан да (Денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру) «бас бостандығын шектеу» түріндегі жазаның баламалы түрі алынып тасталды.
Қылмыстық кодекстің азаптау бабы да (110-бап) өзгеріске ұшырады. Жаңа норма бойынша азаптау тек қайталанған, жүйелі түрдегі ұрып-соғу емес. Енді аса қатігездікпен және қорлау арқылы жасалған бір реттік зорлық-зомбылық та азаптауға жатқызылады. Бұл бап бойынша 1000 АЕК дейін түзеу жұмыстары не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
105-баптың атауы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету» деп толықтырылды. Бұрын ол жай ғана «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деп аталатын.
Сондай-ақ депутаттар суицидті насихаттауды әлеуметтік қауіпті әрекет ретінде криминализациялау негізді деп шешіп, Қылмыстық кодекске «313-1-бабын «Өзін-өзі өлтіруді насихаттау» кіргізді. Егер суицидті әлеуметтік желіде немесе тағы басқа жолдармен насихаттаудың арты адам өлімімен аяқталса, насихаттаушы үш жылдан бес жылға сотталады.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте не өзгерді?
Кодекске балаларды қорғау мақсатында жаңа бап қосылды. Ол 127-2-бап. Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) деп аталады.
Бала буллингке ұшыраса, алдымен ескерту жасалады немесе 10 АЕК айыппұл салынады. Егер дәл осы әрекет бір жыл ішінде тағы қайталанса, құқықбұзушы 30 АЕК айыппұл арқалайды…