Аудан орталығындағы «Қайрат» спорт кешенінде «26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткіге қарсы күрес күні» іс-шарасы өтті. Аталмыш іс-шараға аудандық құқық қорғау саласының басшылары мен Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, аудан әкімінің орынбасары, «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы, дербес бөлімдердің басшылары, мәдениет және өнер, спорт, кітапхана, білім, денсаулық саласының қызметкерлері мен А.Исмаилов атындағы, ОҚО индустриалды-инновациялық, Ақсукент көпсалалы, Е.Сарманов атындағы агро-экономикалық колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жастарды нашақорлық пен есірткіге бой алдырмауға бағытталған шара алдымен аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен басталды.
Жиында алғаш сөз тізгінін алған аудан әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов өз сөзінде:
— «Нашақорлық пен есірткіге тәуекелділік — бүгінгі күннің ең қауіпті дерттерінің біріне айналды. Бұл тек адам өміріне ғана емес қоғамға да қауіпті. Біз өздеріңізбен жауапты сала қызметкерлерімен бірлесіп, кездесулер, акциялар тіпті, спорттық сайыстар жиі өткізіп жүрміз. Мұндағы басты мақсатымыз — жеткіншектердің бойын жат қылықтардан алшақтатып, салауатты өмір дағдысын қалыптастыру, — деді.
Сондай-ақ, аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Даулет Тлемисов және «Аmanat» партиясы Сайрам аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Адырбекұлы және каратэ спорт түрінен әлем чемпионы Әшім Маржан жасөспірімдерді түзу жолдан таймауға, жат әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Бұдан бөлек, басқосу барысында Сайрам аудандық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Мұрат Ермеков қозғалған тақырыпқа қатысты баяндама жасады.
Өскелең ұрпақтың саламатты өмір салтын сақтауға арналған жиын соңы рухты жігерлендіретін ән-жыр мен футбол спорттық сайысымен жалғасты.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі