Айта кетейік, пробация – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, есепте тұрғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдармен, азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен және өзге де заңды тұлғалармен өзара әрекеттесе отырып атқарылатын қызмет түрі.
Азаматтардың қылмыстық сот төрелігіне түсуін азайту, қылмыстық жазалау шараларын азайту мақсатында қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық-құқықтық шараларды кеңінен қолдану үшін жағдайлар жасалған, жаңа Қылмыстық кодексте бірқатар санкциялар жеңілдетіліп, сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату уақыттары азайтылды. Пробация, ол – есепте тұрған адамдарға пробациялық бақылау және әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету түрінде жүзеге асырылады. Қазақстанда жыл сайын пробация қызметінің есебінен 50-60 мыңдай адам өтеді.
ҚАЖ комитетінің мәліметінше, сотталғандардың қайта қылмыс жасауына олардың түзу жолға түсуге деген ниетінің жоқтығы, тұрақты жұмыс орнының болмауы, ішімдікке салынуы түрткі болады. Сондай-ақ қылмысқа барудағы алғашқы салдарды анықтап қарағанда, көбіне сотталғандардың әлеуметтік бағыттан алшақтауынан, яғни тұрмыстық проблемаларының дұрыс жолға қойылмағандығынан қайта қылмыс жасау орын алады.
Бүгінде кез келген зайырлы елде заңнан аттап, жаза басқандардың ішінде, әсіресе, ауыр емес қылмыс жасағандар үшін қолданылатын жазаның балама түрлеріне барынша көңіл бөлінуде. Бұл ретте біздің елімізде де құқықтық реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік рефолюция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жүйелі түрде жетілдіріп, жалғастыру қажеттігі нақты атап көрсетілген.