Қазақтар орыс, украин, неміс және басқа европалық ұлт өкілдеріне қарағанда, табиғи өсімі жоғары саналғанмен, 1990 жылдары олардың арасында 3 және онан көп балалық азая түсті. Тіпті бұл жағдай көп балалық тән Оңтүстік Қазақстан аймағында да байқалуда. Қазақтардың табиғи өсімі төмендеуі рыноктық қатынасқа, ауылдың қиыншылықтарына, қымбатшылық пен жұмыссыздық өрістеуіне, әсіресе қазақтар басым орналасқан ауыл-селоның жағдайының күрт нашарлауына және басқа өтпелі кезеңнің ауыртпалықтарына байланысты еді. Осының нәтижесінде адам мүмкіндігінің дамуы индексі (қалыптасқан халықаралық есептеу әдістеріне сай) бойынша (бұған өмір ұзақтығы болжамы, жан басына шаққан нақтылы табыс мөлшері мен білім алу мүмкіндігі жатады) Қазақстан 1993 жылы дүниежүзінің 175 мемлекеті ішінде 54 орынға ие болса, 1997 ж. 93 орынға төмендеді. Республика халқы ішінде әйелдер үлесі еркектерден басым болса, қазақтар арасында еркектер көп болып отыр, сонымен қабат республика халқы көбіне қартая түссе, қазақтардың басым көпшілігі жастар мен балалар екені байқалуда. Қазақтардың арифметикалық орта жасы бар болғаны 25 жас, ал некеге тұру мен бала тууға байланысты орта жас -21. Бұл кезеңде ауылдағы жұмыссыздықтан қазақтардың қалаға бет бұрғаны айқын көрінгенімен, олардың әлі де жартысынан көбі (2004 ж. – 51,8%) ауылдық жерде қоныс тепкен. Дегенмен қала тұрғындары арасында қазақтар үлесі 1989 ж. 27,1%-дан 1999 ж. 43,1%-ға, ал 2004 ж. – 48,2% жеткенін басып айту қажет. Қазақстанда адамдарының өмір сүру ұзақтығы 1991 ж. 67,6 жас болса, 1998 ж. – 64,4 жасқа түссе, 2003 ж. – 65,8 жасқа жетті. Бұл жағынан Қазақстан жеті ТМД елдері арасында Ресейден жоғары – алтыншы орынға ие болған-ды. Басым көпшілігі ауылдық жерде тұратын қазақтардың өмір сүру ұзақтығы орыстардан кем, бұған Арал, Семей және басқа экологиялық апат аймақтарының зардаптарын қоссақ, қазақтардың өмір сүру ұзақтығына тигізетін теріс әсерлердің көбейе түскенін түсінуге болады. Салыстыру үшін шетелдердегі орташа өмір сүру көрсеткішіне назар аударсақ та болады: ол Жапонияда – 76,1, Испанияда – 75,7, Гонконг пен Израильде – 75,1, Австралияда – 75, Швецияда – 74,8, Грецияда – 74,6, Ұлы Британияда – 74,6 және т.б. Білім деңгейінде де қазақтар өз Отанында алдыңғы қатарда тұрған жоқ. Мысалы, 1999 ж. санақ бойынша республикада 44 ұлт өкілдері ішінде қазақтар жоғары білім бойынша 8 орында, аяқталмаған жоғары білім бойынша – 10 орында, арнайы орта білім бойынша – 27 орында, ал орта білім бойынша – 11 орында, бастауыш білім бойынша – 34 орында болды. Қазақтардың жалпы саны мен үлесінің өсуі (1989 – 2005 жж. – 2 млн. 190,6 мыңға, яғни 18,2%) біріншіден, табиғи өсімінің басқа ұлт өкілдерімен салыстырғанда жоғарылау болуына, екіншіден – республиканың егемендік алуымен басталған шетелдегі қазақтардың өз тарихи Отанына қайту көші-қонына тығыз байланысты еді.
R-ақпарат