16 жасқа толған бала өзге адамға жәбір көрсететін болса жаңа заңға сәйкес 10 АЕК айыппұл салады. Егер қайталанса бұл көрсеткіш 30 АЕК дейін өседі. Ал егер 16 жасқа толмаған балаға буллинг жасайтын болса оның ата-анасы жауапкершілікке тартылады.
Жаңа заңда жол ақысын төлемеген оқушыларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынған. Бала межелі жеріне аман жетуі керек. Ал, құрылыс компаниялары мынадай көп қабатты тұрғын үй терезелеріне құлып орнатуға міндетті. Қажет болса құзырлы орган өкілі тексеріс жүргізе алады.
Мамандар кейде ата-аналар баласын жетім балалар үйіне өздері алып келетінін айтады. Тіпті, тастап кететін көрінеді. Осылайша өз жауапкершілігін мемлекеттің мойнына артып қояды. Ал, бала асырап алатындарға талап пен көмек қатар жүреді. Мысалы, сәбиді өз атына жаздырып туған баласындай тәрбиелеймін десе 75 АЕК көлеміндегі бір жолғы қаржылай көмек беріледі. Егер патронаттық жолмен асырап алса балаға ай сайын 10, ал бағып-қаққаны үшін ата-анасына 35 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі. Бұл төлемдер бала кәмелетке толғанға дейін жалғасады.
Осы тұрғыда Шардара аудандық полиция бөлімінің полиция капитаны Г.Сәбденова мен Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің “Қамқорлық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының” психологы С. Машкалов тақырып аясында түсіндірме жұмысын жүргізіп, адам көп шоғырланатын жерлерге барып, тұрғындармен сөйлесіп, оларға зорлық-зомбылық туралы толық түсіндіріп, брошюралар таратты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес еліміздің басым міндеттерінің бірі. Кез-келген жағдайда жәбір көрсеткен адам заң алдында жауап береді. Сондықтан егер сіз отбасында зорлық-зомбылық көрсеңіз немесе басқа адамның осы жағдайға тап болғанынан хабардар болсаңыз полиция қызметкерлеріне хабарласыңыз.