Түркістан облысы Полиция департаменті Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен Полиция күніне орай әріптес дос Бауыржан Қабылбекұлы Қолдасовты еске алуға арналған футболдан турнир өтті.
Турнирге облысымыздың Келес, Сарыағаш, Шардара, Мақтаарал, Жетісай аудандары мен Шымкент қаласынан, жалпы алғанда 16 команда қатысып, үздік ойын көрсетті.
Турнирде жүлделі орын алған командалар қомақты сыйлықтармен марапатталды.
Бауыржан Қабылбекұлы ұзақ жылдар Жетісай ауданының полициясында қызмет атқарып, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында тынбай қызмет етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әділдік пен мемлекеттің тиімділігіне деген сенімі көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты екенін айтты. Қазақстан Президентінің пікірінше, түрлі жағдайда адамдармен тікелей араласатын полицейлердің әрқайсысы мемлекет туралы түсінік қалыптастырады. Бұл қоғам алдында полиция қызметкерін биліктің уәкілетті өкілі деп білетін, әсіресе, учаскелік полиция қызметкерін әр азаматы танитын ауылдық жерде маңызды.
– Азаматтардың мемлекеттік саясатқа, елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға көзқарасы оның сөзі мен іс-әрекетіне тікелей байланысты. Полицейлер мұны ешқашан ұмытпауы керек. Сіздерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Өкінішке қарай, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі әлі де жоғары деңгейде емес. Әділетсіз жағдайлар, полицейлердің немқұрайлылығы, кейде олардың заңсыз әрекеттері Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымының қызметіне сызат түсіреді. Жағдайды өзгерту үшін біз Қазақстан полициясында ауқымды реформаларды бастадық, біртіндеп қызмет көрсету үлгісіне көшеміз. Бүгінгі таңда тек қылмыспен күресу аздық етеді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең бастысы полицияның адамдарға бейімделуі маңызды. Менің тапсырмаммен Ішкі істер министрлігі бұл бағытта бірқатар маңызды шараларды қолға алды. Бірақ алда әлі жұмыс көп, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Осындай еске алу турнирлерін өткізу арқылы әріптесіміздің рухына тағзым етіп, ұрпақтар сабақтастығы мен жас ұрпақтың бойында ерлікке зор құрмет сезімін оятатынына сенімдіміз!