Бүгін, шаһар төрінде дзюдо күресінен Кеңес Одағының батыры Ережепбай Молдабаевты еске алуға арналған 2009-2010 ж.т. жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында «МИНИ-ТАТАМИ» Республикалық ашық турнирінің ашылу рәсімі өтті.
Ашылу салтанатына Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының Оқу әдістемелік және жоғары спорт жетістіктері бөлімінің басшысы Әбдіқалықов Шоқан Шырынханұлы мен Дзюдо күрес федарациясының президенті Абаев Алтынбек Оразбекұлы қатысып, жас спортшыларымызға сәттілік тіледі.
Еліміздің әр өңірінен жиналған талантты жас татами шеберлері боз кілемде өз шеберліктерін байқайтын болады. Жарысқа көршілес жатқан Өзбекстан Республикасы және еліміздің аймақтарынан Алматы қаласы, Шымкент қаласы, Алматы облысы, Қарағанды облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Жетісу облысы, Ұлытау облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Түркістан облыстарынан 500-ге жуық спортшылар жиналып, жарыс жолында кіл мықтыны анықтайды.
Айта кететін, дзюдо спорты жапондық жауынгерлік өнердің бір түрі. Бүгінде бүкіл әлемге тараған бұл күрес жапон тілінен аударғанда «жұмсақ жол» дегенді білдіреді. Бұл өнердің авторы Күншығыс елінің даңқты ағартушысы Дзигоро Кано. Аталмыш жаңалықтың мақсаты — өзін өзі қорғауда дене қимылдарына аяқ-қол әрекеттерін қосып, партерде қарсыластың тепе-теңдігіне тежеу қойып, нәтижесінде тырп еткізбей қою.
Дзюдока (іс-тәжірибелік дзюдо) бүкіл дененің толықтай иілуін қамтамасыз етеді. Тепе-теңдікті сақтап, дұрыс тыныс алуды басқарады. Оқушы үнемі қырағы болып, «өлі қимылдарды» назардан тыс жібермеуі тиіс.
Спорттық дзюдода соққы беруге тыйым салынған. Сондай-ақ қолмен аяқтан қапсырып ұстау, көзді шұқу, жақты ауырту, қылғындыру сияқты әдістерге де тыйым салынған. Партердегі күресте тек шынтаққа ғана ауырту тәсілдері рұқсат етілген.