Теңге ілу — ержігіт сайысына ұқсас қазақтың ұлттық ат спортына жататын ертеден келе жатқан ойындарының бірі. Теңге ілу ойыны тегіс жерде өткізіледі.
Желіп келе жатқан аттың үстіне отырып желісін баяулатпастан төменге тез иіліп сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отыруы керек. Әрбір сәтсіз талпыныстың артына айыптық уақыт белгіленеді. Теңгені көп ілген салт атты жеңімпаз аталады. Теңге ілу алаңының ұзындығы 120 метр. Теңгені іліп алуға дейінгі ұзындық 30 метр. Теңге саны 5-еу. Теңгелердің ара қашықтығы 10 метрден. Теңге ілушілер теңгені орнынан іліп лақтырып тастауы керек. Жарысқа бекітілген ережеге сай спортшының уақыты, ілген теңгесінің санына бөліп қортындысы шығарылады.
Алматы облысы Талғар ауданында ересектер арасында теңге ілу спорт түрінен алғашқы рет 3 стиль бойынша (Бес белес, Қос құлаш, Жеті құт) Азия чемпионаты өтті.
Екі күнге созылған жарысқа 10 елден ең үздік спортшылар кіл мықтыны анықтады. Атап айтқанда: Қытай, Моңғолия, Россия, Түркменстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің құрама командалары өзара бақ сынасты.
Осы халықаралық додада, Шымкент қаласының Ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубының спортшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама мүшесі 1 орын ТӨЛТАЙ БАҚЫТ «Жеті құт» стилі бойынша үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Халқымыздың ықылым заманынан келе жатқан ұлттық ойыны Теңге ілу — көбіне қыз ұзату, сүндет тойларында ойналған. Бұл ойында жігіттің атқа мықтылығы, денесін игеріп алған ептілігі, икемділігі сынға салынады. Шүберекке түйілген күмісті сәйгүлік мінген жігіттер жүз елу метр жерден екпіндете шауып келіп, сол, ағынымен орамалды іліп әкетуге тиіс. Іркіліп тоқтауға, не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Қазіргі жарыс ережесіне сай жігіттің ептілігімен қатар шауып өткен уақыты да есептеледі.