«АМАNАТ» партиясы Шымкент қалалық филиалы «Құқықтық көмек» жабасы аясында 2024 жылдың басынан бастап 34 қабылдау өткізіліп, 176 адам қамтылды. Оның ішінде 63 мәселе оң шешімін тапты. Аталған жоба аясында тұрғындар әр аптаның бейсенбісінде сағат 10:00ден бастап 13:00ге дейін заң саласы мамандарының көмегіне жүгіне алады.
Бүгін тұрғындарды жеке мәселелері бойынша Zangerler Palatasi заң консультанттары Анара Мырзагалиева, Ерлан Тлеуов, Әділет департаментінің Коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Дина Ботан қабылдады.
Қабылдауда тұрғындар тарапынан жер, атаулы әлеуметтік көмек, алимент өндіру, зейнетақы, несие, құжаттарын заңдастыруға қатысты мәселелер көтерілді.
Айта кететін, елімізде жылдан-жылға ажырасу фактілері көбейіп бара жатыр. Отбасындағы ұрыс-керіс, ерлі-зайыптылар арасындағы ерегес салдарынан шайқалған шаңырақ, жылуы жоқ жанұялар көбейген. Ерегескен екеу баланың құқығын, баланың ақысын ұмытып, бас араздығын түгендеп кетеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде 520 986 толық емес отбасы бар. Олардың ішінде 452 мың отбасын тек анасы асырап отыр. Ал 68 мың отбасын әкесі асырап отыр. Сәйкесінше, 521 мыңға жуық отбасының балаларының құқығы бұзылып, олар материалдық жетіспеушілікте жарытып тамақ ішпейді, жайраңдап күлмейді, жарқырап киім кимейді. Қордаланған мәселенің түйінін тарқату мақсатында заң қатаңдатылып, жеке сот орындаушыларға талап күшейді. Әділет министрлігінің дерегінше, былтыр алимент төлеуден жалтарған 14 мыңнан астам азаматқа елден шығуға уақытша тыйым салынып, 7 мыңға жуығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар алимент өндіру тетіктерін жетілдіру үшін «алиментті тек әкесінен немесе анасынан ғана емес, ата-әжесінен де өндіру тетіктерін қарастыру керек», – дейді сарапшылар. Неке және отбасы туралы кодекстің 152-бабында сот арқылы алиментті баланың ата-әжесінен өндіруге болады. Бірақ сот алдымен аталған кодекстің 139-бабы бойынша алимент өндіруі керек. Егер жағдай ушығып, алиментті әкесінен немесе анасынан өндіре алмаған жағдайда ғана сот ата-әжесінен алимент талап ете алады. Алайда сотқа жүгініп, сот шешімі шығуы, оның заңды күшіне енуі біраз уақытты талап етеді. Сәйкесінше, сол аралықта бала алимент алмайды. Тәжірибеде борышкерлер алимент төлемей қашып, іздеуде жүргенде,алиментті ата-әжесінен өндіріп алу туралы сотқа талап арыз түскенде, көптеген борышкерлер табылып, алимент төлей бастайды. Себебі борышкердің әке-шешесі, туған ағайындары алиментті борышкердің өзіне төлеуді талап етеді.
Сала мамандары қабылдау барысында, тұрғындардың ұсыныс-тілектері бойынша заңгерлік кеңестер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындардың мәселелері толық қаралып, сала мамандары тарапынан шешу жолдары қарастырылды.