Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте мегаполистің қаңтар – мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы, салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев даму көрсеткіштерін баяндап, бұл кезеңде оң динамика қалыптасқанын жеткізді.
Инвестиция көлемі 17,4 пайызға артып, 203,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция көлемі 29,5 млрд. теңге болса, жеке инвестиция көлемі 174,1 млрд. теңгеге жеткен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 55,7 млрд теңгені құрап, 30,7 пайызға ұлғайғаны байқалады.
Қала әкімі сала басшысының баяндамасына қатысты өз пікірін білдірді. «Жалған сандармен емес, шынайы экономикаммен өмір сүйрейік. Көрсеткіштерді талдап, қай жерде проблема бар, сол жерге күш салып, нақты нәтижеге жұмыс істейік» — деді Ғабит Сыздықбеков.
Еске саларлық, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының басқарма төрағасы Лю Юнмин қалада металлургиялық зауыт салу туралы меморандумға қол қойған болатын.
Мегаполис басшысы инвесторларды аумағында зауыт салу жоспарланып отырған «Темір» индустриялық аймағымен таныстырды. Айта кету керек, жобаны жүзеге асыру барысында компания қала экономикасына 1 миллиард 750 миллион АҚШ долларын инвестициялап, мың жаңа жұмыс орнын ашады. Үш кезеңдік металлургиялық зауыт бес жыл ішінде салынады. Жылдық өндірістік қуаты бес миллион тоннаны құрайды. Кәсіпорын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлемдегі ең озық технологияларды пайдаланатын болады. Қала әкімі компания басшылығына мегаполиске қызығушылық танытып, өнеркәсіп саласын дамытуға тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, ол жобаны жүзеге асыруда, оның ішінде қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде шетелдік инвесторлар бүгінде Шымкентте инвестиция тартуға барлық жағдай жасалғанына тоқталды. Зауыт іске қосылса, басқа да бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, Fujian Hengwang Investment Co., Ltd компаниясы болат өндірісі мен халықаралық саудада үлкен тәжірибесі бар Jiangsu Coastal Steel Group Co., Ltd ірі корпорациясының бөлігі болып табылады.
Сонымен қатар қала әкімі тиісті басқарма басшыларына мегаполис аумағындағы заңсыз берілген жерлерге қатысты заң шеңберінде шараларды күшейтіп, дендрологиялық саябақ пен «Арбат» алаңына абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын жүргізуді және ойын атракциондарының қауіпсіздігін жақсартуды тапсырды. Барлық аудан, сала басшыларына бюджеттің сапалы орындалуы, 2025 жылғы бюджеттік өтінімдерді әзірлеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі