Оқу жылының аяқталуына орай, «Халықаралық балаларды қорғау күні» және «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні» қарсаңында қаламыздың полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік орган өкілдерімен бірлесіп студенттермен демалыс алдындағы соңғы кездесулер өткізді.
Мұндай кездесудің басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу болып табылады.
Кезекті кездесу «Индустриалды техникалық колледжінің» ғимаратында өткізілді. Оған Шымкент қаласының полиция департаментінен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі полиция майоры Бауыржан Карбеков қатысты.
Ол студенттерге есірткінің зияны, оның адамға алып келер зардабы жайлы баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлеріне де тоқталды. Есірткіге құмарту өз өміріне ғана емес, қоғамға зияны тиетінін айтып, жастарға тура жол сілтеді.
Мамандар өздерінің білімдері мен тәжірибелерімен бөлісіп, өз жұмыстары туралы, өздерін және жақындарын қорғау үшін заңды білу қаншалықты маңызды екендігін айтты.
Айта кететін, ғаламтор арқылы сан алуан құйтырқы әрекетке баратын есірткі саудасын құрықтап оған тосқауыл болу бір министрлік емес, барша елдің бірігіп, жұмыла жүргізетін әрекеті болуы керек деген ой келеді. БҰҰ мәліметінше, әлемде 275 млн нашақор бар. Әрине, бұл нақты сан емес. Дегенмен бұл санның артып кетпесе, кемімейтіні өкінішті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды отырыстардың барлығында дерлік есірткінің ұлт саулығына үлкен зиян әкеліп отырғанын айтып, сананы улаған осы бір кеселмен барынша күресу керектігі туралы тиісті тапсырмалар да беріп келеді. Президент тапсырған соң Үкімет Қаулысымен Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.
Нәтижесінде, 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақмерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.
Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылмақ. Кешенді жоспарда көрсетілген өзге де шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған. Қазір алғашқы қадамы жүзеге асырылу үстінде.
Кездесу соңында студенттер спикерлерге өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауаптар алды.