Полиция қызметкерлері «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс шарасын өткізуде.
Қала аумағында атқарылған жұмыстардың екі күн нәтижесінде Қазақстан Республикасына келу, болу және кету ережелерін бұзған 266 шетелдік пен Қазақстан азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ПД-нің Қабылдап-тарату орнына жеке басын анықтайтын құжаттары жоқ 109 адам орналастырылды. Шетелдіктердің ҚР-да болу ережелерін бұзған 208 тұлға анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабымен хаттама толтырылды.
Шетел азаматтарын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен 104 шымкенттік әкімшілік кодекстің 518 – бабымен және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 20 азамат ӘҚБтК-нің 519 – бабымен жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, көші-қон заңнамасын өрескел бұзған 34 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан аластатылды.
Биыл көші-қон заңын бұзған мыңнан аса шетелдік мигрант елден шығарылды. Ал Қазақстанға келген шетелдіктер рейтингінде Өзбекстан азаматтары көш бастап тұр.
Елімізге көбіне Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Қытай азаматтары келеді. Ағымдағы жылы көші-қон заңын бұзғаны үшін 9800 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 мың адам елден шығарылған. Заңды бұзғандардың басым бөлігі – Өзбекстан азаматтары. Олар елде болу мерзімін бұзған.
Қазақстандықтар арасында да 2023 жылы 15 мың қазақстандық шетелге көшіп кетсе, елге 23 мың адам көшіп келген.
2023 жылы қаңтар-қыркүйек айы аралығында 733 мың қазақстандық ел ішінде көшіп қонған. Оның ішінде 338 мыңы облысаралық қоныс аударды. Көбісі мегополис қалаларға көшкен, яғни Астанаға – 74 мың, Алматыға – 67 мың және Шымкентке – 30 мың адам тұрақты тұруға келген.
Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.