ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, полицей мамандығын дәріптеу мақсатында шымкентік полицейлер № 3 Ұлықбек Сулейменов атындағы және № 23 З. Космодемьянская жалпы білім беру мектептерінде, алғашқы әскери дайындық сыныбында, қылмыскерді құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміз, Шымкент қаласы Дзерджинский ауданы бойынша Күзет бөлім батальонының милиционері, полиция старшинасы Шойынбаев Нұржан Алтайұлы мен учаскелік полиция инспекторы милиция аға лейтенанты Бөкенбаев Жолдасбек Кенжебайұлының ерліктерін дәріптеп “ Батылдық бұрышы” ашылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты полиция мамандығын дәріптеу арқылы полиция қызметкерлеріне деген сенім деңгейін арттыру. Сонымен қатар жас ұрпақты еңбекқорлық пен әділеттілікке үйрете отырып бойындағы патриотизм рухын ояту болып табылады.
Айта кететін, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық патриотизмге, төзушілікке, биік мәдениетке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады. Бұл жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама деуге болады. Сол сияқты тәрбие тұжырымдамасында тәрбие үдерісін ұйымдастырудың қағидаларында этникалық қағида этникалық мәдениет негізінде жалпы ұлттық мәдениеттің гүлденуіне ықпал жасайтын мәдениет жасаушы ортаны қалыптастыруды, азаматтық келісім жөнінде атап көрсеткен.
Патриоттық сезім отбасынан басталады. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі отбасындағы жастар тәрбиесінің ролін түсірді. Әрине, мұндай жағдайларда өзінің ескі арнасын жоғалтқан патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мен оған тәрбиелеудің жаңа жолға оңайлықпен түсіп кете алмасы анық.