1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Аталған мерекені әлемнің 30-дан астам елі атап өтеді. Бұл күн бізге өскелең ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілікті еске салады. Өйткені, баланың ең маңызды құқығы – бақытты болу!
Балаларды қорғау әрқашан мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болған және бола бермек. Қазақстан балалардың құқығын қорғау саласындағы барлық негізгі халықаралық-құқықтық құжаттарды, оның ішінде 30 жыл бұрын қол қойылған Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады.
Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұлттық құндылықтарды насихаттау арқылы балалар шығармашылығын дамыту мақсатында мерекелік іс-шарасы өтті. Іс шараға қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков балаларды құттықтап, өнерін тамашалады.
Жергілікті мектептерден 1300 өнерпаз қатысып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балғындар патриоттық әндерді әуелете орындап, мың бұрала би биледі. Жас суретшілердің бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.
Қазақстанда бүгінгі таңда 6,8 млн бала тұрады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде атап өткендей, адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек.
«Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек», — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жетім балалар құқығының кепілдіктерін сақтау, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бойынша пәрменді шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалар саны — 6 841 527. Оның ішінде 3,5 млн – ұл, 3,3 млн – қыз бала. Балалардың 59,7% қалалық жерде тұрады.
Халықтың жалпы санында 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі 34,1% құрайды. Өңірлер арасында халық санындағы балалардың ең жоғары үлес салмағы Түркістан облысында 18 жасқа дейінгі балалар жалпы өңірде тұратын халықтың халықтың 43,3%-ын құрайды. Одан кейін Маңғыстау облысы (41,9%) және Шымкент қаласы (40,6%).
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі