Алаяқтарға қарсы құзырлы органдар мен атқарушы билік тарапынан қыруар жұмыстар жүргізіліп жатса да олардың арбауына түсіп, «ауызы күйгендердің» саны азаяр емес. Сенгіштігінің салдарынан қаржылық қиындықтың салқынына бетпе-бет келген біраз азамат бармақ тістеп, сан соғып қалып та жатыр.
Тұрғындардың оңай олжа мен «батпан құйрық» табыстардан бойларын аулақ ұстап, алаяқтарға қалталарын қақтырмау мақсатында аудан әкімдігінде арнайы жиын болып өтті. Аталмыш басқосуға Жетісай ауданының прокуроры Айдархан Жүнісбеков пен Түркістан облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Бақытжан Сенкібаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков, аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, қоғамдық ұйым басшылары мен мүшелері қатысты.
Сонымен қатар, мамандардың айтуынша алаяқтардың жұмысын кеңінен жүргізіп, құрығына ілінетін адамдардың санын көбейтуіне ғаламторы дамыған қазіргі уақыт, әсіресе, сауда-саттық жүргізудің онлайн форматқа өтуі де үлкен септігін тигізіп отыр.
Жиын барысында келтірілген статистикалық мәліметтерге сүйенсек ауданның криминогендік ахуалы дұрысталып, тіркелген қылмыс саны 236-дан 156-ға азайғанымен алаяқтық қылмыстар 30-дан 58-ге, интернет алаяқтық 9-дан 24-ке өскен. Ағымдағы жылдың өткен мерзімінде тіркелген 58 алаяқтық қылмыстардың 10-ы сотқа жолданып, 1 іс аяқталмайтын негізбен тоқтатылған. 23 іс күдікті тұлғалардың анықталмауына байланысты мерзімі үзілген, 24 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде…