Ел іргесі бекіп, еркіндіктің таңы атқалы да 33 жылға аяқ басты. Алғашқы Тәуелсіздіктің таңы атқан жылдары еліміздің еркіндігін айшықтап, мерейімізді өсіретін мемлекеттік рәміздеріміз қабылданды. Оған да міне, 32 жыл.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Рәміздер аллеясында» мемлекеттік рәміздеріміздің 32 жылдығына орай мәдени іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді. Шараға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Пірімбеков арнайы қатысты. Әнұран шырқалып, көк байрақ желбіреді.
«Еліміздің елдігі мен еркіндігін айшықтайтын мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыздың қабылданғанына биыл 32 жыл. Тарих парақтарымен салмақтағанда қас-қағым сәт болғанымен жеткен жетістіктеріміз ғасырға татырлық. Әлемдік ареналарда, спорттық олимпиадаларда да көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалуда. Бұл үлкен мақтаныш» деген Серік Қонысбекұлы көпшілікті айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шарадан соң ауданның патриот жастарының ұйытқы болуымен бастау алған автошеру арқылы бүгінгі айтулы күннің қуанышы мен қасиеті ұғындырылды. Көңілдің кіршіксіздігі іспеттес көк байрағымызды көтеріп, көшелерді аралады. Тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Тұғыры берік Туымызды, айбыны асқақ Әнұранымызды, еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихынан сыр шертетін Елтаңбамызды қастерлеу әрбір қазақстандықтың басты міндеті әрі парызы.
Бүгінгі өткізілген іс-шараның өскелең ұрпақтың бойындағы тәлім-тәрбие мен патриоттық сезімдерін тәрбиелеп, молайтуда өз септігін тигізері даусыз.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі