Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына экономика мен қоғамдық өмірдің түрлі салаларындағы қоғамның көрнекті өкілдері кіреді. Ана мен бала денсаулығын қорғау, жүкті әйелдерді, бала тууға байланысты демалыстағы әйелдерді, сондай-ақ көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдерді әлеуметтік қорғау бойынша барынша мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіліп отыр. Бала туу және бала асырап алу кезінде біржолғы материалдық қолдау жүйесі, аналар мен әкелердің гендерлік теңдігін қамтамасыз ете отырып және күтуші ата-ананың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қосатын үлесіне қарай бір жасқа дейінгі бала күтімі кезінде отбасын материалдық қолдау жүйесі құрылды. Бүгінде әйелдер жұмыспен қамтылған халықтың 48,2%-ын құрайды. Нәтижесінде, 2019 жылы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Жұмыс істейтін әйелдер, ерлерге қарағандағы үлес» көрсеткіші бойынша Қазақстан 26-орынды иеленді (салыстырма үшін Ресей – 45-орын, Украина – 46-орын). Әйелдердің белсенді рөлі кәсіпкерлікте де көрінеді. Бүгінде Қазақстандағы әйелдердің бизнестегі үлесі 43,3%-ды құрайды. Бұл ретте 2020 жылдың қорытындысы бойынша әйелдер барлық кәсіпорынның үштен біріне жуығының басшылары екені белгілі. Оның ішінде 28,3%-ы шағын кәсіпорындарды, 33,2%-ы орта кәсіпорындарды және 18%-ы ірі кәсіпорындарды басқарады. Қазақстандық әйелдер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуда. Мәселен, бүгінде Қазақстан парламентінің төменгі палатасында әйелдердің үлесі 26,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2011 жылы 17,8%-дан аспаған. Саяси лауазымдарды 65 әйел атқарады. Олардың арасында агенттіктердің төрағалары, министрлер мен вице-министрлер, Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Төтенше және өкілетті елшілер, өңірлердің әкімдері мен әкімдер орынбасарлары және басқалар бар. Осы жетістіктер мен қабылданып жатқан шаралар Қазақстанның №5 ОДМ-ға және қоғамдағы тең құқықты сақтау мәселелеріне жоғары бейілділігін көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымдарын барынша қолдауды қамтамасыз ету жөнінде міндет қойып, еліміздегі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат Тұжырымдамасына өзгерістер енгізуді тапсырды. Осыны, сондай-ақ ОДМ бойынша қабылданған міндеттемелерді ескере отырып, гендерлік саясатты іске асыру біздің қоғамның әрбір мүшесі үшін тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету қағидатын ұстанатын Қазақстан үшін әрқашан басым сипатқа ие болады.
R-ақпарат