• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

Гендерлік теңдік орнықты дамуға бастайды

Автор:admin

Окт 1, 2022
Spread the love

Осыдан жеті жыл бұрын БҰҰ-ның мерейтойлық саммитінде 193 елдің көшбасшылары «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған орнықты даму саласындағы күн тәртібі» құжаты ретінде Орнықты даму саласындағы мақсаттарды (ОДМ) қабылдады. ОДМ-ды іске асыру қазіргі заманғы сын-қатерлер мен проблемаларды шешу, мемлекеттер халқының өмір сүру сапасын жақсарту жолымен әлем елдерін орнықты және тұрақты даму жолына шығаруға тиіс. Құжатта 2030 жылға қарай қол жеткізу болжанып отырған 17 жа­һандық мақсат, 169 тиісті мін­дет және 242 индикатор қам­тылған. ОДМ-ды сипаттайтын үш түйінді қағида бар: әмбебаптылық – ОДМ барлық елдегі адамдарға қолданылады, кешенді тәсіл – егер ОДМ бір-бірінен бөлек жүзеге асырылатын болса, орнықты даму саласындағы күн тәртібі тиімді орындалмайды, ешкімді артта қалдырмау – пайда мен артық­шылықтар алуда осал топтардың басымдығына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар көп жоспарлы міндеттер мен индикаторлар санының көптігін, олардың өзара байланысын ескерсек, ОДМ-ға қол жеткізу процесі көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан әрбір ел ұлттық деңгейде сын-қатерлер мен тосқауылдарды еңсере отырып, өз ерекшелігіне қарай ОДМ-ды іске асырудың өзіндік бірегей жолын таңдайды. Бұл ретте басқа ОДМ-ға ертерек немесе аз шығынмен қол жеткізуге көмектесетін, жалпыға бір­дей танылған ОДМ үдеткіштері мен акселераторының бірі ретінде гендерлік теңдік немесе №5 ОДМ саналады. Бұл факт гендерлік теңдік фак­торының экономика мен әлеу­меттік салаға оң әсерін көрсететін көптеген зерделеу мен түрлі сала­дағы зерттеулермен расталып отыр. Атап айтқанда, қоғамда ген­­дерлік теңдіктің болмауы жұ­­мыскерлерді жалдау кезінде қабі­летті әрі дарынды үміткерлерді таңдаудың шектелуіне байланысты адами капиталдың азаюы арқылы экономикаға кері әсерін тигізетіні расталды. Өз кезегінде бұл экономикада кәсіпкерлік пен экономикалық әртараптандыру үшін аса маңызды жаңа идеялардың пайда болуына кедергі келтіреді. Мәселен, Халықаралық еңбек ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес еңбек нарығындағы гендерлік алшақтықты қысқарту 2025 жыл­ға қарай жаһандық жұмыспен қам­тылуды 189 млн адамға немесе 5,3%-ға арттыруы мүмкін. Бұл 2025 жылы әлемдік ІЖӨ-ні 3,9%-ға немесе 5,8 трлн долларға арттыра алар еді. Бұдан ең көп пайданы гендерлік алшақтығы аса үлкен өңірлер, атап айтқанда, Солтүстік Африка (ІЖӨ-нің 9,5%-ға артуы), Араб мемлекеттері (ІЖӨ-нің 7,1%-ға артуы) және Оңтүстік Азия (ІЖӨ-нің 9,2%-ға артуы) көреді. Әйелдер ауыл шаруашы­лығында маңызды рөл атқарады. Мәселен, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының бағалауы бойынша егер бүкіл әлемдегі әйелдер өндірістік ресурстар мен мүмкіндіктерге дәл ерлер сияқты қол жеткізе ал­са, онда олар өздерінің ферма шаруа­шылықтарының өнімділігін 20-30%-ға арттыратын немесе 100-ден 150 млн-ға дейін адамды аштықтан құтқара алатын еді.

R-ақпарат

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика