Бүгін — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы маусымның 4-де Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді — бұл күн ел тарихында жаңа рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Рәміздер — мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналады.
Осыған орай Мақтаарал аудандық полиция бөлімі қызметкерлері арасында рәміздерге құрмет көрсету рәсімі өтті. Әр азамат өз елінің Елтаңбасының, Туының бейнесін және Әнұранын біліп қана қоймай, олардың маңыздылығы мен мазмұнын білу қажет.
Ол үшін олардың пайда болу тарихы туралы түсінік болу керек. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні – біздің отанымыз үшін маңызды мереке.
Шара саптық байқауға ұласып, тәртіп сақшылары еліміздің мемлекеттік әнұранын жанды дауыста бірге шырқады.
Ата-бабамыздың аңсап кеткен арманы мен азаттық идеяларын бойына сіңірген тәуелсіздігіміздің осы үш нышаны қазақстандықтарға рух береді.
Отанымыздың рәміздерін құрметтеу және қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруға тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Ендеше Туымыз тұғыранан түспей, Елтаңбамыз елдігімізді танытып, Әнұранымыз шалықтай берсін деген тілек айтамыз.
Бейбіт аспанымызда тәуелсіздіктің көк туы желбіреп, елтаңбамыз айбынымызды асырып, әнұранымыз Ұлы даланың еркіндік үнін жеткізе берсін.
Мереке құтты болсын!