Жасөспірімдерде психоактивті заттарды тұтыну кезінде мінез-құлық пен жағдайдың себепсіз өзгерістері байқалады. Жасөспірімдегі нашақорлықтың көріністері әртүрлі болуы мүмкін, ол есірткі заттарының түріне байланысты. Дегенмен ата-аналар баланың есірткі қабылдайтынын түсінетін жалпы белгілер бар. Біріншіден, оның мінез-құлқы өзгеріп, оқуға деген қызығушылығын жоғалтады. Сыныптастары мен достарынан алыстап, өтірік айта бастайды. Жаңа «достарымен» көп уақыт өткізіп, агрессивті, ашуланшақ болатыны анық. Ол ата-анасынан аулақ жүреді, ұзын жеңді киім киеді, ал үйден ақша мен құнды заттар жоғалып кетуі мүмкін. Өзгеріс тек мінезде емес, сыртқы түрде де пайда болады. Терісі бозғылт сұрға айналып, киімі мен шашы ұқыпсыз болып, аяқ-қолы ісінеді. Есірткінің жасөспірімнің денесіне әсері ересек адамға қарағанда бірнеше есе күшті. Ең алдымен, ми зардап шегеді. Уақыт өте келе интеллектуалды қабілетін жоғалтып, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Есірткіні үнемі қабылдау ағзаның созылмалы улануына себеп. Иммунитет төмендеп, өсу мен даму баяулайды, орталық жүйке жүйесінің жұмысы бұзылады. Сондықтан саулыққа салғырт қарамай, зиянды әрекеттен аулақ болған абзал.
Ұйымдастырушылар өз сөздерінде жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында, іс-шараны өткізудің маңыздылығын атап өтті. Еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін тынымсыз еңбек етуге шақырды.
Сондай-ақ іс-шарада белгілі әншілер, облыс ансамбльдері мен жас спортшылар өнер көрсетті. Ал полицейлер жастарға есірткіні қолданудың зияны туралы ескертіп, осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.