Бұған дейін Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды және ілеспе құжатты екі оқылымда мақұлдаған болатын.
Негізгі Заң 15 заңнамалық актісіне, оның ішінде жеті кодекс пен сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Ілеспе заң әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді қарастырады. Кәмелетке толмағандарды қорлау (қорқыту, кибербуллинг) және 16 жасқа толмаған баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіру және басқа да түзетулер үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.
Қабылданған заңның басты міндеті балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу болып табылады.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин атап өткендей, заң жобасын Мәжіліс депутаттары 2023 жылдың қыркүйегінде, Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін әзірледі, онда ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатаңдату және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы алдын алу шаралары негізгі заңнамалық жаңашылдықтар болып табылады.
«Әйелдер мен балалардың іргелі құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып табылады және Мемлекет басшысының назарында. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам боп күресті қажет ететін әлеуметтік проблеманың бірі ретінде белгіледі» деп жазды Ерлан Карин өзінің Telegram-арнасында…