Кезекті шақыртуға шыққан Түлкібас ауданының полицейлері ауыл көшелерінің бірінен жол қозғалысы ережесін бұзып бара жатқан жүргізушіні байқайды. Яғни полицейлер қауіпсіздік белдігін тақпаған, көшеде ерсілі-қарсылы жүрген «Daewoo Nexia» маркалы көлікті тоқтатты.
Тәртіп сақшылары тексеру кезінде жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Сондай-ақ тексеру барысында, 53 жастағы ер адамның 2022 жылы мас халде көлік басқарғаны үшін 7 жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Жүргізушіге қатысты медициналық сараптама тағайындалды. Куәландырудың қорытындысына сәйкес оның «орта дәрежелі» мас күйде екені анықталды.
Полицейлер көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, екінші рет ішімдік ішіп көлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде.