Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Талапұлының нұсқауына сәйкес, Арыс аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен аудан көлемінде ағымдағы жылдың 15 мамырымен 17 мамыр күндері аралығында «Жасөспірім және жауапкершілік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Шараның мақсаты — жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау, түнгі уақыттарда ата-ананың бақылауынсыз үй-жайынан тыс жерлерде компьютерлік ойынханалар мен мейрамханаларда болуларына тыйым салу.
Кезекті шара барысында бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын ата-аналарды анықтап, тиісті шаралар көру мақсатындағы кезекті рейд жүргізіліп, жеке кәсіпкерлерге түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңды өкілдерінсіз кіргізбеу керектігі ескертілді.
Сонымен қатар кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге темекі бұйымдары мен спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынғандығын қатаң назарға алып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты мәселелердің бірі – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, оның алдын алу болып табылады.
Статистикаға жүгінсек қоғамдық тәртіпті бұзатын, құқық бұзушылықты, қылмысты жасайтын, сондай-ақ ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған жасөспірім балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққанын көрсетеді. Алайда, кейбір ата-аналардың өз балаларының тағдырына алаңдаушылық танытпай, олардың үйден және мектептен тыс бос уақыттарында немен айналысып, шұғылданып жүргендерін бақыламауларынан, қадағаламауынан орын алатын жағдайлар да кездеседі. Яғни, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы да құқық бұзушылыққа, қылмысқа итермелейтін фактор болып табылады…