«Тәуелсіздік» саябағында Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ту көтеру рәсімі мен салтанатты іс-шара өтті. Онда мемлекеттік рәміздеріміз ұлықталып, жастар мерекелік шеру ұйымдастырды. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
Мерекелік іс-шарада әуелі Әнұранымыз шырқалды. Көпшілікке «Елдіктің нышаны болған Елтаңба, Ту, Әнұранның» шығу тарихынан ақпар беріліп, рәміздердің қадір-қасиеті айтылды.
Рәміздер алаңынан басталған патриоттық жиын одан әрі жастар шеруіне ұласты. Шеруге 600-ге жуық жас, қаладағы 8 жоғары және орта арнаулы оқу орындарының шәкірттері қатысты. Олар Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би көшелері бағыты бойынша сап түзеп, рәміздерді насихаттады. Ту ұстаушы жастардың арасында қазақ күресінен әлем чемпионы Марат Байқамұров та болды.
Бүгін елімізде Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, елдігімізді танытуда бұл күннің маңызы зор.
Көк байрағымыз көгімізде желбірегенде көңілдің елжірейтіні ақиқат. Былтырғы жылғы ақпарат бойынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның мемлекеттік Туы халықаралық және әлемдік деңгейдегі мәдени іс-шараларда 4,6 мың рет көтерілген екен. 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарса, 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы жерді 150 рет айналып ұшқан екен. Сонымен қатар Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Борашеваны әлемдегі ең биік Эверест шыңын қазақ қыздарының арасынан бірінші болып бағындыруымен құттықтаған еді. Әлемнің ең жоғарғы нүктесінде еліміздің көк байрағын желбіреткен ару қызымыз Мемлекет басшысына Эверест шыңына алып шыққан Қазақстан Туын сыйға тартты.
емлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруға тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Ендеше Туымыз тұғыранан түспей, Елтаңбамыз елдігімізді танытып, Әнұранымыз шалықтай берсін деген тілек айтамыз.