Білікті мамандар бала тәрбиесіндегі ата-ана ұстанатын басты қағида — баланы дер кезінде бағалай, қабылдай және құптай білу дейді. Олар осы бағытта табанды зерттеу жүргізіп, өз тұжырымдарын дәлелдеп шығыпты. Мына қызыққа қараңыз, әйгілі зерттеуші бір топ мамандардың басын біріктіріп, әлем рекордына қол жеткізген 120 рекордшының өмір тарихын 5 жыл тоқтаусыз зерттеген екен. Бұл рекордшылар арасында дүбірлі додадан үздік шыққан спортшылар да, шебер мүсіншілер де, әуеніне ел сүйсінген музыкашылар да, ғылыми салада дара шыққан ғалымдар да болған. Қысқасы, сан-саланың кіл жүйрігі екен.
Сонда зерттеушілердің қорытынды нәтижесі баршаны таңғалдырған. 120 рекордшының ешбірінің бойында туа бітті дарын байқалмаған. Бәрінің де әлемге әйгілі болуына ата-аналары тікелей себепкер болыпты. Ең басында бұл ата-аналар баласының бойынан байқаған болмашы қабілетті дер кезінде байқап, соны дамыта біліпті. Мәселен, күйсандыққа қызыққан балаға анасы ерінбей-жалықпай іздеумен жақсы ұстаз тауып, өнер жолына түсірген. Ал ұлының есеп шығаруға өте шапшаңдығын аңдаған әкесі оны сыйлық беру арқылы математикаға қаршадайынан құмар қылыпты. Спортқа бейімді баланы әке-шешесі тәжірибелі жаттықтырушының спорт залына жетектеп барған.
Барлық рекордшының ата-анасы балаларының шын жанашыры да жанкүйері де болудан жалықпаған. Жеңіліп жатса «Жығылғанды жер көтереді, келер жолы қайтсең де ұтасың» деп, жігерін жаныпты. Меселін қайтармай, жылы сөзбен мерейін көтеріпті. Сәтсіз кезеңдерде жападан-жалғыз жабырқауда қалдырмапты. «Жүзден жүйрік шыққан» кездерде бірге қуанып, ұтылған сәттерде жандарына сүйеу бола білген. Бұдан шығатын қорытынды ата-ананың бала тәрбиесіне деген білімі қаншалық сапалы болған сайын баланың өсіп-жетілуіне соншалық зор ықпал жасайтындығы.
Бұрынырақта әр отбасында аузы дуалы аталар мен ісі өнегелі әжелер бала тәрбиесімен айналысатын-ды. Аузынан «айналайыны» түспейтін мейірімді, жылы жүзді, сабырлы жандарға болмысы нәзік бала атаулы да тартылып тұрмаушы ма, еді?! Олар немересін бауырына басып, жылы сөйлесіп, жаман жолға түсіп кетпеуі үшін мысал әңгімелерді, ертегілерді еліктіріп айта білетін. Бала ес біле бастаған кезден бастап ел тарихы, ұлағатты адамдар жайлы да жақсы әңгімелер айтатын. Жас ұрпақты тек бір отбасы ғана емес, бүкіл ауыл болып тәрбиелеуші еді ғой. «Пәленшенің баласы жаман» деген сөзге қалдырмау үшін бүкіл ағайын-туыс баланың дұрыс жолға түсуіне бағыт-бағдар беруге тырысатын-ды. Ал қазіргі күні жұмысбасты адамдар көбейді. Күні кеше көлікте бір ата былдырлаған немересінің сұрағына жағымсыз жауап қайырғанын өз құлағыммен естігенім бар. Қазақтың халық ертегілерін, тым болмаса ондағы бір кейіпкердің атын білмейтін көршім немересіне «Өрмекші адам» бейнеленген футболканы сатып алғанын мақтанышпен әңгімелеп бергенде бетімнің оты шығып ұялған едім.
R-ақпарат