Мектеп жасына дейінгі балалармен ата-анасы әңгімелесіп, оған өзінің шама-шарқына сәйкес өлең, тақпақтар жаттатып, үйреткені жөн. Бірақта, жас балаға түсінігі ауыр және тым ұзақ өлендерді жаттап ал деп қыстауға болмайды. Баланы тілі келмейтін дыбысты дұрыс айтпадың деп жазалау да дұрыс емес, ол қанша ұрысқаныңмен де тілі келмей тұрған сөзді дұрыс айта алмайды. Тек баламен сөйлескенде оның тілі келмейтін дыбысты өзің анықтап айтуың керек. Сонда бала саған еліктеп, сол дыбысты дұрыс айтуға тырысады. Бала жас кезінде бір сөзді теріс айтып үйренсе, мектепке барғанда да соны теріс айтады және өзі қалай айтса, солай, яғни теріс жазады. Мысалы, кейбір үлкен кісілер «Қолқап» деген сөзді дұрыс айтуға тілі келіп тұрса да «қолбақ» дейді.Міне, бұл жас кезінен сол сөзді теріс айтудан болған кемістік.
Тілі жақсы шыққан, сөзді дұрыс айта алатын баланың сөздік қорын молайтып, оған өз ойындағысын дұрыс айтып беруді үйрету оншалықты қиынға түспесе керек. Ал тілінде кемістігі бар, яғни кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмайтын баланы сөйлеуге үйрету ата-анадан педагогтік талантты, асқан төзімділікті талап етеді. Егер бала 5—6 жасқа келгенше жақсы сөйлей алмаса, оны дәрігер-логопедке көрсету керек. Қалалы жерлерде сондай тілінің мүкісі бар балаларға арналған балалар бақшасы болады. Мүмкін болса, жақсы сөйлей алмаған баланы сондай балалар бақшасына берген дұрыс. Қорытып айтқанда, сөйлеу тілінде кемістігі бар балаға мұқият көңіл бөліп, оның кемістігін мектепке барғанша түзетуге күш салу керек.
Тағы бір ескеретін жағдай — мейлі мектеп жасына дейінгі бала болсын, мейлі мектепте оқитын балалар болсын, олардың теледидарды көп қарауына рұқсат бермеу керек. Өйткені, біріншіден, теледидарға көп қарау — баланың көзіне зиянды әсер етеді. Екіншіден, теледидарға көп қарау баланың сабаққа дайындалуына кесірін тигізеді. Сондықтан, балаларға тек олардың өздеріне арналған хабарларды ғана көрсетіп, ересектерге арналған хабарларды көруіне тыйым салған дұрыс.
Балаға эстетикалық тәрбие беру. Эстетика — өмірді сезім арқылы біліп танудың негізгі жолы. Ол адамды болмыстағы және өнердегі сұлулық пен әдемілікті дұрыс қабылдай білуге, өмірдегі көркемдікті сезіне білуге тәрбиелейді. Балаға эстетикалық тәрбие беру — оны жалпы өмірдегі, күнделікті тұрмыстағы, төңіректі қоршаған табиғат құбылыстарындағы, адамдардың өзара қарым-қатынасы мен іс-әрекетіндегі көркемдікті, әдемілікті танып оны өз бойына сіңіре білетін етіп тәрбиелеу.
Тәрбиенің қай түрі де баланың жас кезінен отбасында басталады. Сол сияқты, баланың эстетикалық сезімін тәрбиелеу де жас кезінен, оның айналадағы нәрселерге көз салып, ойыншықтармен ойнап, ашық түсті нәрселерге назар аудару кезеңінен басталады. Мәселен, жас баланың үстіне бір жаңа киімді кигізгенде үлкен кісілер оған күле қарап «Әй-әй-әй» десе, бала да соның жақсы нәрсе екенін сезіп, өзінше бір ләззат алғандай болып, қуанып қалады. Одан кейін ол өзінің мамасының яки ағасының бір жаңа киім кигенін көрсе, соған қарап, «Әй-әй» деп күліп, қолымен нұсқап көрсетіп тұратын болады. Сондай-ақ, кішкентай баланы далаға, мәуелі бақтың ішіне немесе гүл егілген паркке алып барсаң, ол сондағы түрлі түсті гүлдерді көріп, анаусына бір, мынаусына бір ұмтылып, мәз-мейрам болады. Бақтың ішіндегi құстарды көріп, оның сайрағанын естісе, өзінше ол да дыбыс шығарған болады. Мысалы, көкектің шақырғанын естісе, «Көк-көк» немесе «ку-ку» деп мәз болып қалады.
Радиодан əн айтылса немесе күй тартылса, тіпті бесікте жатқан баланың өзі де соған елеңдеп, өзінше сол әннiң яки күйдің ырғағына қарай қимыл жасап, билегендей болады. Ал ұрыс-керіс, айқай-шуды естігенде, бала одан қорқып жылай бастайды. Міне, осының бәрі баланың жақсы мен жаманды, көрікті мен көріксізді ажыратуының, әдемілікті, әсемдікті сезінуінің алғашқы бастамасы деуге болады. Бұл сияқты жас баланың көкірегіне ұялаған әсемдік пен әдемілікті сезінудің алғашқы ұшқынын ата-анасы одан әрі дамытып, мектеппен немесе балалар бақшасымен бірлесе отырып, белгілі бір бағытқа бейімдеуге тырысуы керек.
R-ақпарат