Бүгін Шымкенттегі барлық мектептерле бітіруші түлектерге «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Шараның құрметті қонағы ретінде ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелері, 10, 20 жылдық мектеп түлектері, ардагер ұстаздар және мектеп мұғалімдері мен 11 сынып оқушылары қатысты.
Жалпы биыл Шымкент қаласында білім басқармасына қарасты 272 мектеп оқу жылын қорытындылады. Қалада 13 286 оқушы 11 сыныпты бітірді. Оның 463-і “Алтын белгіге”, 641-і үздік аттестатқа үміткер. Ал, 9 сыныпты 21 777 оқушы тәмәмдаса, оның 1158-і үздік аттестатқа үміткер болып отыр.
Айта кетейік, соңғы қоңырау іс-шарасы кезінде түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналармен түсіндіру жұмыстары, мектептерде қатаң тәртіпте полиция және педагогтар тарапынан кезекшіліктер ұйымдастырылды.
Айта кететін, 2024 жылғы тестілеуде өзгерістер бар. Атап айтқанда, бейіндік пәндерге жаңа тапсырмалар қосылып, тест уақыты қысқарады. Бұрын 4 сағат берілген болса, енді талапкер 3 сағат 30 минутта жауап беріп үлгеруі керек. Дегенмен ерекше қажеті бар балаларға берілетін қосымша 40 минут сақталады. Жалпы алғанда пән санында өзгеріс жоқ. Бұрынғыдай үшеуі міндетті және екеуі — таңдауына қарай, дегенмен «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» деген міндетті пәндерден тапсырма саны 5 сұраққа азаяды. Ал бейіндік пәндер бойынша сұрақ саны артып, жалпы тест тапсырмасы 40 болады. Өзгерістер қатарында бейіндік пәндерде берілген тізім ішінен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Тесттегі сұрақ саны — 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» — 20, «Оқу сауаттылығынан» — 10, «Математикалық сауаттылықтан» — 10 және екі бейіндік пән бойынша — 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
Шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар, «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады. «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушыға міндетті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткен еді. Егер ақылы негізде оқысы келсе, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады.