• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

БӘЙДІБЕКТЕ ҒИМАРАТЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СӘУЛЕТ ӨНЕРІНЕ ЖАТАТЫН СӘУЛЕТ-КӨРКЕМ МУЗЕЙІ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Автор:admin

Май 24, 2024
Spread the love

Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейі бүгінде келушілерге қызмет көрсетуде. Көне жәдігер саналатын тарихи-мәдени орынды Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары, бөлім басшысы мен мамандары, аудан, қалалардағы бөлімдердің өкілдері аралап көрді. Музей басшылығы тарихымен қатар, алда тұрған міндеттерді де таныстырып өтті.
«Аппақ ишан» мешіт-медресесінің іргетасы 1845 жылы қаланған. Бастапқыда қам кірпіштен, білім алушылар қатары көбейген соң үлкен ғимарат салынған. Мешіт-медресе құрылысына өңірге діни білім мен ілімді таратушы Қосым ишанның ұрпақтары бастама көтеріп, ауыл тұрғындары қолдау білдірген. 1883 жылы басталып күйдірілген кірпіштен тұрғызылады. Басы-қасында көпшіліктің Аппақ ишан атап кеткен Мақсұм Сейдахметұлының өзі жүреді. Мешіт-медресе кейін сол кісінің есімімен аталады.
Сол заманда білім беретін іргелі оқу орнында бір мезгілде 150-ге жуық шәкірт оқыған. 1926 жылға дейін жан-жақтан шәкірттер келіп оқи бастаған. Кейін тексеру жүргізіліп, қудалана бастайды. 1934-1937 жылдары музейде қазақша мектеп болып ашылып, балалар білім алған. Мектеп кейін жаңа жайға көшіріледі де тарихи ескерткіш бірнеше жыл қараусыз қалады. 1950 жылдары тарихи ескерткіштің бөлмелерінде бірнеше мекеме жұмыс істеген. Содан аудан тарағанша, яғни 1961 жылы тарихи жәдігер тағы да қараусыз қалады.
1970 жылы мәдени тарихи ескерткіштерді қорғау жөнінде заң шығады. Осыған сәйкес тарихи ескерткіш, мешіт-медресе жайы мемлекет қарауына өтеді. Араға бес жыл салып, 1975 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысымен қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. Тарихи орынға екі рет ірі қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ал үшінші рет аяқсыз қалады. Тарихи ескерткіштің сақталып қалуына сол кездегі ҚазССР Мәдениет министрінің орынбасары міндетін атқарған Өзбекәлі Жәнібеков зор ықпал етеді. Нәтижесінде Шаян мешіт-медресе тарихи сәулет кешені «Қазақ халқының ұлттық қолөнері кілем және кілемнен жасалған бұйымдар музейі» болып ашылып, 1982 жылы өз жұмысын бастайды.
Жалпы ғимарат 29 бөлме, 1 мешіт,1 дәрісханадан тұрады. Ғимараттың жалпы құрылыс алаңы 1866,3 шаршы метр, үй көлемі 9227,5 шаршы метр оның ішінде пайдалану алаңы 874,3 шаршы метр. Мешіт үстіндегі күмбездің биіктігі 11,5 метр. Медресе 50/50 төрт бұрышты етіп соғылған. Сәулет-кешенінің Оңтүстік және Солтүстік жақтарынан ішінен төбеге шығатын екі саты есік жасалынған. Құжыралардың бәрі дерлік «П» әріпі іспетті етіп орналастырылған. Бір кұжыраның бір бөлменің көлденеңі 3,5 метр ұзындығы 6 метр, жалпы аумағы 18 шаршы метр.
Музейде тарихтан сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталып, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Музей ғимараты республикалық деңгейдегі тарихи-сәулет ескерткіші болып саналады. Ғимарат XIX ғасырдың соңындағы сәулетті ескерткіштердің бірі ретінде Қазақстанның киелі жерлері географиясына енгізілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика