Бүгінгі талқылау форматтағы кездесуге Шымкент қаласының «Дарын орталығының» директоры Джеренова Раушан Омарханқызы қатысты.
Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер-азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халықаралық ареналарда әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді.
Абыз аналарымыздың ел басына күн туғанда қол бастап, майданда қан төккеніне де, елді асқан ақыл-даналығымен басқаруға да құқығы болғанына да тарих куә. Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске оның қарындасы Бопай 6 баласымен қосылған. 600 адамнан тұратын қолды басқарып, Аманқарағай дуанына шабуыл жасапған. Қабанбай батырдың жары Гауһардың да ерлігі мен тапқырлығы ел есінде. Домалақ ана, Ұлпан ана, Найман аналардың ізін жалғап Шоқанның әжесі Айғаным да елге ақыл-парасатымен бас бола білген. Аталған әйел қауымының баршасы қаумалаған қазақтың бүтіндігіне қызмет еткен қайраткерлер.
Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева бір сөзінде: «Гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық негізі қалыптасты. Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою және теңдікті сақтау бойынша заңнамалық нормалар бар. Экономикалық және саяси тұрғыда қолдау шаралары күшейтілді. Олардың Мемлекеттік қызметтегі және саясаттағы өкілдігін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Осылайша 2023 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі шамамен 56 пайызға жетсе, яғни 45 мыңдай әйел, олардың 9 мыңнан астамы басшылық қызметте. Өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 20 орталық ашылды. Адамгершілік құндылықтарды жаңғырту және отбасы мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Он жыл ішінде еліміз бойынша байқауға 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Былтырдан бастап Ұлттық мереке күнтізбесі «Әкелер күні» және «Аналар күнімен» толықтырылды» деген болатын.
Шарада Қазақстанның жастары айрықша түсінуге тиіс маңызды бағыттары талқыланды.