Полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен Шымкент қаласының барлық аумағында есірткіні қолдану мен нашақорлықтың алдын алу бағытында түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.
Айта кететін, қазіргі заманғы есірткі заттар салыстырмалы түрде арзан, оларды Интернет арқылы оңай сатып алуға болады.
Синтетикалық препараттар — бұл жаңа психоактивті заттар. Бүгінгі таңда ең көп таралған жаңа психоактивті заттар «Скорость», «Мефедрон».
«Скорость» деген есірткінің ең қорқынышты салдары – бұл зат психозды тудырып психикаға қатты әсер етеді. Бұл бұзылыстың белгілері әдеттегі шизофренияға қатты ұқсайды және көбінесе ұзақ уақыт қолданғаннан кейін дамиды.
Мефедрон — заңмен шектелмеген шегуге арналған тұз ретінде пайда болған синтетикалық препарат, бірақ кейін бұл затты қолдануға тыйым салынды.
Осы орайда, оқу жылы барысында қаламыздың барлық білім беру мекемелерінде, оның ішінде мектептерде, орта арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында арнайы ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсаттағы жұмыстарда полиция қызметкерлері білім беру ұйымдары басшыларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, проректорлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жүргізуде.
Кезекті іс-шара «Авимед» колледжінде жалғасын тапты. Онда қатысушылар болашақ медицина мамандарына көрсетілген мәселелер бойынша толыққанды ақпарат беріп, жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытында пайдалы істермен айналысуға шақырды.
Сөз соңында студенттер аталған бастамаларды қолдайтындарын және алдағы уақытта оқуды аяқтаған соң осы бағытта бірлесіп жұмыс жүргізуге ниетті екендерін жеткізді.
Егер адам есірткі қолданады деген күдік болса, мамандарға (Жастар денсаулық орталықтарына, наркологқа) жүгіну керек. Ал егер сатып (немесе тығып сатумен) айналысып жатқан адамдарды көрсеңіздер тиісті құқық қорғау органдарына немесе 102 нөміріне қоңырау соғып ескертуге шақырамыз.