• Вс. Ноя 24th, 2024
Популярные метки

ОТЫРАР: ОТАНҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК – ЕҢ КҮШТІ ҚАРУЫМЫЗ БОЛУЫ КЕРЕК

Автор:admin

Май 8, 2024
Spread the love

Ер есімі – ел есінде сақталады. Кешегі арамызда жүрген жандардың өнегелі жолын, даңқты жауынгерлердің кескілескен ұрыстағы ерліктері мен еңбек майданындағы тыл ардагерлерінің еңбектерін бүгінгі ұрпақ естеліктер арқылы танып келеді. Сынаптай сырғыған уақыт алға жылжып, отырарлықтар Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлерді жыл салып қайта еске алды.
Ынталы елді мекенінде орналасқан «Жеңіс» саябағында соғыс ардагерлерінің ұрпақтары бас қосып, тағзымтақтаға гүл шоқтарын қойды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Сейтжанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы, подполковник Мұхтар Әуезұлы, тыл ардагерлері, аудан жастары тағылымы мол шараға қатысты.
Әкім міндетін атқарушы Жансұлтан Әділжанұлы соғыс салған жара қанша жыл өтсе де майдангерлерді мазасыз күйге түсірсе, қаншама жанның асқақ арманын желге ұшырғанын да айтты. Көзсіз ерлік жасаған жауынгерлер, соғыс туралы қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен Рахымжан Қошқарбаевтардың пікірлеріне тоқталып өтті.
Ия, қазақ халқы «ер басын күн туса, етігімен су кешер, ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер» деп, бекер айтпаса керек-ті. Отан үшін отқа түсіп, толарсақтан саз кешіп, майдан даласында кеудесін оққа тосқан жандардың ерлік жолын халқымыз ешқашан да ұмытқан емес.
Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы жеңіс үшін жанын қиған жауынгерлер туралы «Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ рухымыз отанымыз үшін қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады, біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар. Ол – Отанға деген сүйіспеншілік» деп жазған еді. Отанға, елге деген сүйіспеншілікті арттыру, өскелең ұрпаққа аға буынның ерлігін насихаттау мақсатында Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап, Жеңіс күнінің маңызына айрықша тоқталды.
Шара соңына жиналған көпшілік «Жеңіс» композициялық кешеніне гүл шоқтарын қойса, «Тәйтелі» мешітінің имамы Мақсат Сұлтанқұлов ұрыс даласында ел мен жері үшін жанын қиған жауынгерлер, бейбіт өмірде елдің дамуына үлес қосқан ардагерлердің рухына арнап Құран бағыштады.

Автор: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика