Құрметті жерлестер!
Ұлы Отан соғысына Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша елімізден майданға 1 млн 200 мыңдай жауынгер аттанып, олардың 600 мыңға жуығы соғыстан қайтып оралмаған. Отан үшін отқа түскендердің қатарында ордабасылық азаматтар да көп болды. Төрт мыңға жуық жерлесіміз соғысқа аттанса, олардың дені елге оралды.
Майданда көрсеткен ерліктері үшін жерлестеріміз Берген Исаханов, Бейсен Оңтаев, Сыдық Исмайлов, Қарсыбай Спатаев Кеңес Одағының батыры атанды.
Біз оларды мақтан тұтамыз және ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Бүгінгі таңда ауданымызда көзі тірі Ұлы Отан соғысының бір ғана ардагері тұрып жатыр. Ол — Қалмен Мұратұлы. Қазыналы қария осы жылдың ақпан айында 100 жасқа толды.
Жеңіс үшін қолына қару алған қарт майдангеріміздің дені сау болсын деп тілейміз!
Бұл күн бәріміз үшін айрықша қымбат, қасиетті мереке.
Осы орайда сіздерге шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгіліктер мен игіліктер тілеймін. Ардагерлеріміздің дені сау болсын. Мереке әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкеле берсін!
Шарадан кейін аудан әкімі Қажымұқан ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Қуаныш Керімқызының шаңырағына барып, сый-құрмет көрсетті.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі