«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық «Мырзакент» ауруханасы және Мақтаарал электр жүйесінің Мырзакент бөлімі тазалық жұмыстарын жүргізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болмақ.
«Таза өлке». Бірінші аптада елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалайды.
«Киелі мекен». Екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналады.
«Жасыл аймақ». Үшінші аптада көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі.
«Өнегелі ұрпақ». Акцияның төртінші аптасында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделеді.
«Мөлдір бұлақ». Акцияның қорытынды, бесінші аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылады.
Іс-шара барысында мекеме ғимараттары ақталып, шарбақтарға бояу жағылды. Сондай-ақ, қуараған шөптер шабылып, ағаштар ақталып, жер қопсытылып, гүлдер егілді. Сонымен қатар, күл-қоқыстар шығарылды.